Тұрақтандыру қорларындағы жағдай қалай?

Ел аймақтарындағы тұрақтандыру қорында азық-түліктің жеткілікті көлемі бар.

Делдалсыз сатып алулар арқылы, бұл өнімдер әлеуметтік дүкендер арқылы нарық бағасынан әлдеқайда арзан. Дегенмен кей өңірлерде бұл шаралардың өзі көкөністің қымбаттауына тосқауыл бола алар емес. 

Қызылорда облысындағы тұрақтандыру қорында 970 тоннадай азық-түлік бар. Оның 268 тоннасы картоп,130 тоннасы пияз. Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орталықтарындағы арнайы бұрыштар арқылы пияз 90-95 теңгеден, картоп 138 теңгеден сатылып жатыр. Ал нарықта пияз 300-350 теңге болса, картоп 200 теңгенің шамасында. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта тұрақтандыру қоры жүйелі жұмысын жалғастыра береді. Ол үшін бірқатар тауар өндірушілермен делдалсыз келісімдер жасалған.  

Талғат Бекішов, "Байқоңыр" ӘКК Басқарма басшысы:

- Қазіргі уақытта бірінші міндетіміз тауар өндірушілерден тікелей алған дұрыс. Өйткені бағасы да тиімді болады. Және одан бөлек форворттық сатып алу деген бар. Алдын ала келісіп, егіннің өсуі алдында қаржылай беріп қоямыз. Соның уақыты келген кезде жинап, өзіміздің әлеуметтік бұрыштарға жеткізіп отырмыз

Қостанай облысында тұрақтандыру қорының азық-түлік бағасына ықпалы болмай тұр. Соның кесірінен биыл әлеуметтік маңызға ие бес түрлі азық-түлік қымбаттаған. Әсіресе пияз бірден жиырма бес процентке көтерілді. Қордағы жекелеген тауарлар бойынша уақытылы интервенция жүргізілмеген. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қарақұмық пен күріштің аздығын сынға алды. Қазір облыс тек картоп бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Тұрақтандыру қорынан алып-сатарлықты болдырмау қатаң бақылауда болады. Мысалы күріш кейбір дүкендерге 360 теңгеден сатылғанымен бұған қарап басқалар бағаны түсірмей 470 теңгеге саудалап жатыр. Енді бағаның былайша құбылуын алдын алу үшін облыста 145 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланды.    

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Картоп алқаптарын 2025 жылға дейін 4,9 мың гектарға, көкөністерді 1400 гектарға ұлғайту қажет болып тұр. Он мың тоннаға арналған екі көкөніс қоймасын салу жоспарлануда. 

Атыраудағы тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының шамамен 3000 тоннасы бар. Оның 1461 тоннасы ауыл шаруашылығы өнімі. Бұл өңір тұрғындарын мамыр айына дейін қамтамасыз етуге жетеді, дейді жауаптылар. Қазір картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат қаланың 4 базары мен 2 сауда павильонында сатылып жатыр. Ал қалған 14 әлеуемттік маңызы бар азық-түлік көлемі 1467 тоннаны құрайды. Бірінші сұрыпты ұннан дайындалған нан бағасын тұрақтандыру үшін ұн тартатын кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Бүгінде наубайханаларға 4408 тонна ұн сатылыпты. Сондай-ақ өңір тұрғындарын қантпен қамтамасыз ету үшін «Көксу қант зауытымен» де келісімшарт жасалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін өзге өңірлердің шаруа қожалықтарымен де келіссөздер жүріп жатыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев аймақтағы тілшілердің көмегімен