Абай облысында экономикалық өсім бар

Абай облысында биыл 29 млрд теңгеге 8 ірі жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында Семей қаласының жылу жүйелерін жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінеді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Үкіметте бекітілген кешенді жоспар сәтімен жүзеге асса, 2023-2027 жылдары өңір экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылады. Қазірдің өзінде аймақта экономикалық өсім байқалып отыр.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

- Облыс бюджетіне өз кірістері бойынша 137% өсу қарқынымен 24 млрд теңгеден артық қаражат түсті. Сумен қамту объектілерін дамытуға қаржыландыру 2 еседен астам, жолдарды жөндеуге 3 есеге, білім беруге 1,2 есеге, денсаулық сақтауға 2 есеге және ауыл шаруашылығы 6 еседен астам  ұлғайды.

Облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, аз шаруа атқарылған жоқ. Мұны Президент де ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қысқа уақыттың ішінде нақты жұмыс атқарылды. Оны мойындау керек. Бірақ алда жұмыс өте көп. Шешілмеген мәселелер аз емес. Кешенді түрде бұл жұмысты атқару керек. Үкімет қолдайды.

Жергілікті тұрғындар да оң өзгерістердің басталғанын жасырмайды.

Жергілікті тұрғындар:

- Абай облысы болғанына 1 жылдан асты. Қаламызда оң өзгерістер бар деп айтуға болады. Тазалық жағы, әсіресе коммуналдық қызметтердің жұмысы жақсарып жатыр деп айта аламыз. Жалпы, қалаға бөлінген қаражат көлемі артып жатыр ғой. Сондықтан үмітіміз зор.

- Қазір жаңа үйлер салынып жатыр. Жолдар жөнделіп жатыр. Адамдардың саны көбейіп, барлық жерлер тазаланып өзгерістер болып жатыр.

Кешенді жоспар шеңберінде облыс орталығы Семей қаласын дамытуға да баса назар аударылады. Ағымдағы жылы шаһардың бюджеті 85 млрд теңгеден асты. Бұл былтырғы жылдан 50%-ке артық.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.