Созақ ауданында мемлекеттік грантпен кәсіп ашқандар көбейіп келеді

Түркістан облысының Созақ ауданында мемлекеттік грант алып, кәсібін ашқан азаматтардың саны артып келеді.

Себебі мұнда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, жаңа бизнес идеяларға, ерекше қолдау көрсетіледі. Аудан тұрғындарының бірі, емдік массаж кабинетін ашса, енді бірі, наубайхана ісімен айналысып, халықты, ас атасымен қамтамасыз етіп отыр.

Шолаққорған ауылының тұрғыны Гүлшихра Калибаева 1 жылдан бері осы орталыққа келіп, баласына массаж алатынын айтады. Себебі дәрігерлер балаға 1 ай толғанда гипертонус, яғни денесі қатты деген диогноз қойыпты. Қазір көпбалалы ана массаждың арқасында баламның денесі жұмсарды дейді. 

Гүлшихра Калибаева, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Соның арқасында балам ширақ болып, 10,5 айында жүріп кетті. Анда-санда келіп курс алып тұрамыз. Өйткені бала массажбен дамиды, тез өседі. Осындай орталық ашылғанына қуандық, бізде жоқ бұндай орталық, болған емес. Осы Талшын ашып, бәріміз қуанып келіп, демаламыз, ем аламыз.

Талшын Сатыбалдының негізгі мамандығы мұғалім. Бірақ бала күнінен дәрігер болуды армандапты. Сосын түрлі курстарға қатысып, білім жетілдірген. Массаж жасаудың қыр-сырын терең үйрену үшін Түркияға дейін барып, оқып келгенін айтады. Өткен жылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, массаж салонын ашқан. Мұнда балалар мен әйелдерге емдік және классикалық массаж қызметтерін көрсетеді. Мемлекеттік тапсырысты да орындайды. 

Талшын Сатыбалды, Шолаққорған ауылының тұрғыны: 

- 1,5 айдан бастап 14-15 жасқа дейін балаларға массаж жасаймыз. Балалар өте көп келеді. Қазіргі таңда жиі кездесетін потологиялар бар, диспазия, криваше деген сияқты. Қалаға барғаннан гөрі ауыл тұрғындары осындак еліп жасатқан өте тиімді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Бізге сондай балаларды жібереді, біз тегін қызмет көрсетіп, қолдан келгенше барлық ем-домды осы жерде жасаймыз. 

Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Күніне 750-800 дейін күлше пісереміз дейді. Мұнда бес адам еңбекпен қамтылған. 

Зәуре Аманбекова, Шолаққорған ауылының тұрғыны: 

- Қазіргі таңда 10 дүкенге өткіземіз. Тәтті күлшенің 6 түрін және пәтір нан пісіреміз. Бұдан да үлкейтсек дейміз. Тек осы ауылды емес, сыртқа көрші совхоздарға шығарсақ дейміз өзіміздің таза өнімді. 

Өткен жылы Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген. 

Маржан Ысқақова, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы: 

- Биылғы жылға 65 азамат жоспарда бар. Оның бүгінгі күнге 16-сы қамтылды. 2-легіне құжат қабылдануда. Еңбекке қабілетті мүгедектер, көпбалалы отбасылар, аз қамтылған отбасылар, жұмыссыздар, тек сол санатқа жататын азаматтар ғана өтінім бере алады. 

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында өз жобасын ұсынып, кәсіпкерлікті дамытамын деген 3 мыңға жуық азаматқа қайтарымсыз гарнт беріледі деп жоспарлануда. 

 Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов