Шымкент шаруалары жаппай құлпынай өсіруге көшті

Пайдалы кәсіпке ден қойғандар жаңа технологияларды сынақтан өткізіп жатыр.

Мегаполиске жақын орналасқан шаруашылықтың бірі 4 гектар алқапқа италиялық сұрыпты егіпті. Дәмі тіл үйіретін құлпынайдың жаңа түрі ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін жеміс береді. Басында өсімдік көшеттері ашық жерге егілген еді. Қыста көп бөлігін үсік шалыпты. Сол себепті мамандар құлпынайды туннельде өсіру тәжірибесін енгізіпті. Жаңа әдіс жазда күн көзінен қорғаса, күзде қатты жауын-шашын мен желдің өтінен сақтайды. Мұндай жолмен өскен жемістер үсікке де ұрынбайды. Тиімді әдіс шаруалардың жұмысына тың серпін берді. Енді олар жыл бойы өнім алуға ұмытылып жатыр.   

Тимур Костин, шаруа қожалығының басшысы:

- Шымкентте ауылшаруашылық дақылдарын ашық алаңда салудың тәуекелі басым екенін тәжірибе көрсетті. Сондықтан біз өнімді жабық жерде яғни туннельде өсіруді жөн санап отырмыз. Өйткені шығынға батқымыз келмейді. Біз жемістің  ерте және кеш пісетін түрлерінен мол өнім алуды мақсат етіп отырмыз. 

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

- Кластерлік жобалар негізінде биылдан бастып құлпынай өндірісін дамытуды көздеп отырмыз. Біз бағбандарды қаламыздағы үш бірдей өнім өңдеу кәсіпорындарымен байланыстырамыз. Осының арқасында қалдықсыз  өндірісті оң жолға қоюға болады.