Еліміздегі бензин мен дизель қоры бір айға жеткілікті

Қазақстанда 26 мың тонна бензин, 33 мың тонна дизель мен 1 200 тонна сұйытылған мұнай газы бар.

Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында белгілі болды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса айтты. Және барлық мұнай өңдеу зауытын тоқтату туралы алып-қашпа әңгіменің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Еске сала кетейік, кеше түс ауа электр энергиясы берілмеуінен Атырау мұнай өңдеу зауыты тоқтап қалды. Ал түнде электр энергиясы қайта беріліп, зауыт жұмысы жанданды. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес апаттың себептерін тексеру үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Ақтаудағы энергокомбинатта апатты жағдайдан қорғау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде. Бұл аймақтардың энергия жүйесі Батыс энергетикалық торабымен біріктірілген. Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіруде. Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді.