Абай облысының тұрғыны өз ауласында қырыққа жуық жылыжайды баптап отыр

Абай облысының тұрғыны өз ауласында 40-қа жуық жылыжайды күтіп-баптап отыр.

Қаладағы тіршілігін ауылға айырбастаған отбасы жеміс-жидек пен көкөністің бірнеше түрін өсіреді. Жылына үш мәрте өнім алады.

Азамат Қасым, тілші:

- Бұл Абай облысындағы ең үлкен жылыжайлардың бірі. Мұнда 39 жылыжай орналасқан. Бұл жерде көкөністің 15 түрі өсіріледі. 

Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген Мушохира мен жұбайы Дархан бұған оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Жеті жыл бұрын Бородулиха ауданының Новопокровка ауылына табан тірегенде бірде бір жылыжай болмапты.

Дархан Төлебаев, Новопокровка ауылының тұрғыны:

- Біз мұнда 2016 жылы көшіп келдік. Осы ауылға Семей қаласынан. Әуелде жылыжайларды қалай істеуді білмедік. Ақырын-ақырын үйрендік. Әйелім Сарыағаш жақтан көшіп келді. Олар жақсы біледі. Басында қиын болды. Бір жыл қиналдық. Қазір бәрі жақсы болды.

Отбасылық жұп кәсіпті 4 жылыжайдан бастаған. Қазір мұнда көкөністің түр-түрін өсіріп отыр. «Экологиялық таза өнімге сұраныс та жақсы» дейді олар. 

Мушохира Төлебаева, Новопокровка ауылының тұрғыны:

- Қияр, қызанақ, пекин капустасы, айсберг, салат жапырақтары, кабачки, укроп, петрушка, руккола. Қандай аскөк кафе-мейрамханаға керек. Соның бәрін біз шығарамыз. Өскеменге жібереміз, қалаға жібереміз. Клиенттердің өзі звондайды. Біз таксимен жеткізіп тұрамыз. 

Бес бала тәрбиелеп отырған отбасы екі жанұяны жұмыспен қамтып отыр. Оларға үйді де өздері алып беріпті. 

Елизавета Мосякова, Новопокровка ауылының тұрғыны:

- Өткен жылдың шілде айынан бері осында жұмыс істеп жатырмыз. Жалақымызды уақытында береді. Ең бастысы, басымда баспана бар. Басқа не керек? Тек ерінбей еңбек ету қажет.

Жеті жылда бос жатқан алқапты жайқалтып, 40-қа жуық жылыжай салған отбасын қазір бір мәселе ғана мазалап жүр. 

Мушохира Төлебаева, Новопокровка ауылының тұрғыны:

- Бізге су керек. Өйткені бір су құбырының суымен суғарып жатырмыз ғой. Соған халық ренжіп жатыр. 20 миллион сұрап тұр. Өзіміз шығарайық десек. Мен 20 миллионды қайдан алам? Мемлекет көмектессе жақсы болар еді. Грант бере ме, несие бере ме. 

Елдар Қоңырбаев, Бородулиха аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: 

- Жылыжайдағы су мәселесін біліп отырмыз. Иесімен бірнеше мәрте кездестік. Ауылдағы су құбыры тек халыққа ауыз су беруге арналған. Сондықтан кәсіпкер жеке су құбырын қаздырғаны абзал. 

Мушохира Төлебаева жылыжайға жабдықтар сатып алу үшін 2020 жылы мемлекеттен 580 мың теңге қайтарымсыз грант алыпты. «Тағы да грантқа қол жеткізіп, кәсібімізді одан әрі кеңейтсек дейміз. Алдағы уақытта қызанақ пен қиярды консервілейтін цех ашқымыз келеді» дейді отбасылық жұп. 

Абай облысынан Азамат Қасым, Медет Өмірханов