Ертіс-Успен арнасы – егіс даласына жаңа мүмкіндік

Ертіс-Успен арнасы – егіс даласына жаңа мүмкіндік

Су тапшылығы да назардан тыс қалмақ емес.

Президент қазір тіршілік нәрін үнемдеуге бет бұруымыз керегін айтқан болатын.

Павлодар облысында суармалы егіс алқаптарының көлемі екі есеге ұлғайтылады. Ал суды үнемдеу технологиялары кеңінен қолданысқа енгізіледі. Бұған септігін тигізетін жобаның бірі, Павлодар-Успен каналының құрылысы биыл аяқталады. Ол шамамен 10 мың гектардай жерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді.

Ертіс-Успен каналы стратегиялық маңызды нысан. Көп кешікпей ұзақ мерзімді жобаның тиімділігін көре бастаймыз. Мамандардың болжамына сәйкес суармалы жерлерде тұрақты түрде дәнді-дақылдар мен мал азығын өсіруге болады. Енді сусыз жерде сүт фермаларын құруға тамаша мүмкіндік туады.

Мұрат Хамитов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Павлодар облысына шамамен 1 миллиард текше метрге жуық су бөлінеді. Бұл Ертіс өзенінің суын пайдалануға берілетін квота. Бүгінгі таңда өңір оның жартысын пайдаланбайды. Бізде Ертіс өзенінің суын пайдалануға арналған резерв бар. Осыны негізге ала отырып, суармалы жерлерді ұлғайта аламыз.

Өңірде суармалы егіс алқаптарының көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Бірақ соңғы жылдары су тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан тіршілік нәрін үнемді пайдаланудың маңызы арта түскен.

Ертіс-Успен каналының құрылысы жаңа технологияларды қамтиды. Нысанның ең қымбатқа түскен бөлігі -13 шақырымдық монолитті-бетон магистральі. Ол 10 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етеді. Фермерлер сыйымдылығы жарты миллион текше метрлік 6 аванкамерадан су алады.

Ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта жанданған жобаның құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Жуырда электрмен жабдықтау ісі басталады.

Әділбек Шапатов, Қ.Сәтбаев атындағы канал директорының орынбасары:

- Сәуір-мамыр айларында кешенді толық іске қосу жұмыстарын жүргіземіз. Мамырдың ортасына қарай су жібереміз деп ойлаймын.

Күрделі нысанның құрылысы бекітілген кестеден сәл кешігіп жатыр. Жер асты суы кедергі келтіруде. Каналдың сағасында сорғы станциясы салынды. Қалай болғанда да құрылысшылар суық түспей тұрып, су арнасы бастау алатын орынды бетондап үлгерулері тиіс.

Евгений Хетагуров, құрылыс телімінің басшысы:

- Жер асты суы көтеріле береді. Соның кесірінен біз 5-6 күнге кешігіп қалдық. Дренаж жасаймыз. Құрғату жұмыстарымен мүмкіндігінше айналысып жатырмыз. 

Ертіс-Успен каналының іске қосылуын жергілікті фермерлер тағатсыздана күтіп жүр. Қырыққа жуық шаруақожалығы өзен суын пайдаланып, суармалы егіншілікті дамыта алады. Облыста су ресурстары жеткілікті. Шамамен 300 мың гектар алқапты сумен қамтуға мүмкіндік бар.