Еңбегі – еш, егіні – су...

Ақмола облысында биыл астықтың далада қалу қаупі бар.

Себебі аймақта екі аптадан бері жаңбыр толастар емес. Ал соңғы күндері жауын-шашынның бір айлық мөлшері жауған.

Қазір облыс аумағында 5 миллион 300 мың гектарға себілген астықтың тек 800 мың гектарға жуығы ғана алынды. Ендігі жағдай қалай болмақ?

Білікті шаруа Нұрлан Ахметов осындай жағдайға алғаш рет тап болып отыр. Жаз бойы күтіп баптаған егіні шылқыған судың астында қалды. Тіпті ерте себілген астығы жауыннан қарайып кеткен. Ал жығылған егіні қайта өсіп жатыр. 

Нұрлан Ахметов, шаруа қожалығының басшысы:

- Өзі 7-8 центнер өнім тұрған биылдыққа. Енді біз сол 7-8 центнерден ала алмайтын шығармыз. Бидайды көтереміз жығылған жерден. Аудару керек. Оны аударғанда 3 центнер жоғалтамыз. Кептіруге бізде мүмкіндік жоқ. Ең арзан деген сушка 62 млн теңге.

Жауын-шашын бірер сағатқа тоқтағанымен ештеңе өзгермейді. Себебі егіс алқаптарының құрғауына кем дегенде 3-4 күн қажет. Ал синоптиктердің мәліметінше күннің көзі алдағы аптада ашыла қоймайды.

Қазір аймақтағы егіс алқаптарының жағдайы осындай. Соңғы жауған жауын салдарынан егістіктің барлығы езіліп жатыр. Ал шылқып, су болған бидайды кептіру қажет. Кептірілген бидай келер жылы тұқымға мүлдем жарамайды деп налиды жергілікті шаруалар.

Соңғы рет осындай жағдай аймақта 1993 жылы тіркелген. Міне, содан бері ауа райы диқандарды әбігерге салған емес, - дейді жауаптылар. Су сіңген бидайдың сапасынан бөлек, бағасы да түседі. Сондықтан тиісті сала мамандары Үкіметтен қосымша көмек сұрап отыр. 

Еркеш Әленов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Үкімет тарапынан қазір жанар-жағармай берейін деп отырмыз. Қазір аудандардан барлық иинформациялар жиналып жатыр. Былтыр біз 20 мың тонна сұрағанда, 10 мың тоннасын берді. Биылғы сол жобада тағы сұрап жатырмыз. Осы жылы егінді кептіруге көп қаражат керек.

Күзгі орақ науқанында ақмолалық шаруаларға 50 млн теңгеге жуық субсидия бөлінді. Бірақ бұл қаржы жеткіліксіз. Сондықтан билік өкілдері қосымша 30 млн теңге сұратқан. Ал шаруалардың ауа райының тұрақталғанын күтуден басқа амалы жоқ.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, Ақмола облысынан «Хабар-24»