Жамбыл облысындағы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға ₸3,6 млрд бөлінді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысының аграрларына резервтен 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды. Қаржы шаруаларға келесі жылғы дала жұмыстарына дайындалуға көмектеседі. Айта кетейік, биыл өңірде су тапшылығы диқандардың қос бүйірінен қысып, қызыл шығынға батырған еді. Барлығы 9 мың гектар алқаптағы егістік қуаңшылықтан зардап шеккен.

Динара Әлімова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Биыл Жамбыл облысының 6 ауданында 9 мың гектар алқаптағы егіс су тапшылығынан зардап шеккен. Өңірде табиғи сапаттағы ТЖ жарияланды. Қаражат шаруаларға шығынның орнын толтырып, келесі жылғы көктемгі дала жұмыстарына толыққанда дайындалуға мүмкіндік береді.