Мүмкіндігі шексіз тігінші

«Ауыл аманаты» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да кәсіп ашып, тіршілігін түзеуіне септесті.

Түркістан облысы Келес ауданының тұрғыны жеңілдетілген несие алып, тігін цехын ашты. Қазір ол ауылдың қыз-келіншектерін жұмыспен қамтып отыр. Ісмер келіншек қандай бұйымдар тігеді? Алдағы жоспары қандай?

Ұлбосын Рүстемова Абай ауылының тұрғыны. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алған. Оған 6 дана тігін машинасын сатып алыпты. Қазір көрпе-жастық, қыз жасауы, киім үлгілерінен бастап, түрлі тапсырыстарды орындап жатыр. «Болашақта кәсібімді ұлғайтып, адам санын көбейтсем, дейді. 

Ұлбосын Рүстемова, кәсіпкер:

- Келешекте мен бұл бизнесте мүгедектігі бар жандарды қамтимын деп отырмын. Себебі біраз қыздарды білемін қолынан іс келеді, бірақ мүгедектігі бар. Тек қана солармен жұмыс істегім келіп отыр. Бірінші қыз жасауынан бастап тіктік. Оған сұраныс өте көп. 2-3 жылдан бері ойда жүрген бастама еді. Қаржы қолға тиді, бастадық. Әрі қарай алып кеттік.

Қазір тігін цехында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Солардың бірі Сарагүл Құрманғалиева. Ол осы уақытқа дейін үйінде тапсырыс қабылдап, тігіншілікпен айналысқанын айтады. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, «кейде тапсырыс болмай, бірнеше күн бос отырып қалатын кездер болады. Сондықтан осында келдім» дейді. 

Сарагүл Құрманғалиева, тігінші:

- Қазіргі таңда мынау ұмыраға баратын адамдарға желетке тігіп жатырмыз. Бұл тапсырыспен тігілген зат. Қандай тапсырыс түссе соны тіге береміз. Көрпе тігеміз, мақтасын салып, қабып та береміз. Келешекте әлі үміт көп алда. Ауқымды жұмыстар болса оларды да тігеміз, үлкен цехқа айналдырса деп отырмыз. Жұмысымыз алға баса берсін деп тілейміз. 

«Ауыл аманаты» жобасына Келес ауданы бойынша 340 өтінім түскен. Оның  2-уі мүмкіндігі шектеулі азамат. 257 адамның құжаты мақұлданып, бүгінге дейін соның 209-ы қаржыландырылды. 

Өмірсерік Алтынбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

- 209 адамымызға 1 млрд 142 млн теңге қаражаттарын қолдарына алып, жұмыстарын бастап кетті. 2024 жылға жоспарымыз бар. Қосымша тағы 4 ауылдық округті ендіріп, бұл жобаны ары қарай ауданымызды дамытамыз деген жоспар құрып отырмыз. 

Жалпы Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі 18 азамат 122 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Оның ішінде 8 адам мал өсіру, 6-ы жылыжай, 1-уі балық шаруашылығын дамытуға ден қойса, 6-бағыт бойынша 3 адам өз кәсібін ашқан.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов