Алматы облысына құйылған инвестиция көлемі артты

Алматы облысында картоп өңдейтін, темекі өнімдерін шығаратын фабрика және вольфрамды терең өңдейтін комбинат салынып жатыр.

Инвестициялық жобаларды шетелдік компаниялар қаржыландырады. Мысалы, Байсерке ауылында су және жылу жүйелеріне қажетті құрылғыларды құрастырушы кәсіпорын бар. Бес жылдан бері тұрақты жұмыс істеп тұрған серіктестік ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп отыр.

Мұнда су сорғысының заманауи үлгілері құрастырылады. Кешен 2018 жылы германиялық инвестордың қаржысына салынды. Энергетика саласына қажетті электр сорғылары, өрт сөндіруге қолданылатын қосымша сорғылар да шығарылады. Жергілікті студенттер заманауи кәсіпорында тұрақты түрде өндірістік тәжірибеден өтеді. 

Руслан Нагаев, компанияның өндіріс басшысы:

«Бұл зауыт Орталық Азия елдерінің сұранысын қамтамасыз етіп, құрылғы құрастырып беретін әрі жеткізетін хаб ретінде таңдалды. Одан бөлек, Моңғолияға да тауар жөнелтіледі. Жылына 200 дайын өнім жасалады».

Алматы облысында жыл сайын жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылады. Былтыр Қарасай ауданында қиыршық тас өңдеп, темірбетон бұйымдарын шығаратын ірі зауыт іске қосылды. Болашақта мың адамға дейін жұмыс істейтін мұндай өндіріс орны облыста бұрын-соңды болған емес. Ал Есік қаласында да алма бағын салуға қажетті бетон бағаналар шығаратын зауыт ашылды. Бұған дейін бағаналарды сырттан алатын. Шаруалар енді көп шығынға батпайды. Жалпы былтыр аймақта 36 инвест жоба іске асып, мыңнан аса жұмыс орыны ашылды.

Жанна Арынбекова, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

«Облыстың инвестициялық саясаты негізінен терең өңдеуге бағытталған. Өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар көрсеткіші 2023 жылдың нәтижелері бойынша 129,8 млрд теңгені құрады. Бұл  алдыңғы жылға қарағанда 200% -ға жоғары».

Алдағы уақытта облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Сонымен бірге өндірістік инфрақұрылымды дамыту және негізгі капиталға инвестициялар тарту мақсатында «Alatau» арнайы экономикалық аумағы 60 мың гектарға кеңейтілді.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов