«Ауыл аманаты» бағдарламасы балық шаруашылығын өсірді

24.kz

Түркістан облысында балық өсіретін шаруашылық саны 250-ге жетті.

Былтыр бұл салада бар болғаны 70-ке жуық шаруашылық болған. Бұған мемлекеттік қолдау мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы зор ықпалын тигізді. Өңірде туризм бағытында, яғни өзен-көлдер мен бұлақ басынан бассейн қазып балық өсіретіндердің де саны артқан.

Ақсукент ауылының тұрғыны Махмут Пірәтов былтыр бұлақ басынан 10 сотық жер алып, 5 бассейн қаздырған. Оған 35 мың форель балығының шабағын жіберген. Қазір су маржандарының алды 800, кішкентайлары 500 граммға дейін салмақ жинады. Кәсіпкер жақында шабақ өндіретін аппарат алған. Енді уылдырықтан шабақты өздері шығармақ. Ханбалық мұздай әрі таза суда жүретіндіктен еті дәмді, сұранысқа ие екенін айтады.

Махмұт Пірәтов, балық өсіруші:

- Кафе, ресторан және адамдар сатып алады. Әзірге аздап өткізіп жатырмыз. Тағы да бір жер алдық 1,5 гектардай. Сол жерге бассейндерді көбейтіп, өзіміз шығарған шабақтарды саламыз. Қазір шабақ өндіретін цехымыз кішкентай оны үлкейтіп, тағы бір 15 сотықтай жеріміз бар. Сол жерге инкубациялық цех саламыз.

Бассейннің сыйымдылығы 40 мың балыққа арналған. Жылдық қуаттылығы 80 тонна. Кәсіпкер өнімді ішкі нарыққа саудаламақ. Қазір үкімет шабаққа 30%, ал жеміне кеткен шығынның 25%-н субсидиялайды. Соның нәтижесінде былтыр өңірдегі балық шаруашылықтары 10 мың тоннаға жуық өнім өндірді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан 40 шаруашылық құрылып, 1 млрд теңге несие берілді.

Қайрат Абдуаллиев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Тағы да биыл «Ауыл аманаты» бағдаралмасы аясында кооперативтер құру арқылы соның санын көбейту, өңделген өніммен қосқанда өнім көлемін 15 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр 5200 тонна балық экспортқа шығарылды. Биылға да өңдеу жоспарын 6500 тоннаға, өндірілу жоспарын 11-12 мың тоннаға жеткізу мәселесі тұр.

Салаға жауаптылар биыл өңірде 5 балық өңдеу цехы іске қосылатынын айтады. Одан бөлек, бірнеше ауданда 26 жаңа шаруашылық құрылады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов