Мал тұқымын асылдандыруды жетілдіру қажет

Елде мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жетілдіру қажет.

Сенат депутаты Әли Бектаев бұл бағыттағы шаралардың нәтижесіне алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, елде асылтұқымды мал өсіретін 35 мыңнан астам шаруашылық бар. Фермерлердің көбі түліктер мен тұқымдық материалдарды импорттап жатыр. Қазірдің өзінде шетелден 50 мың бас түлік пен 500 мың доза тұқымдық материал сатып алынбақ. Әли Бектаев депутаттық сауалында Асылтұқымды мал шаруашылығы палатасының жұмысы да жұмбақ күйде екенін айтты. Ол Премьер-министрге отандық мал тұқымдарын дамытудың Жол картасын әзірлеп, бірқатар нақты шара қабылдауды ұсынды.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстарына қойылатын талаптарды күшейтіп, генетикалық жолмен берілетін ауруларды анықтау бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулерден өтпеген асылтұқымды материалдарды пайдалануға тыйым салу. Жойылып кету қаупі төнген тұқымдары бойынша бағдарламалық-нысаналық қаржыландыруды жүзеге асыра отырып, оларды сақтап қалу үшін шаралар қарастыру қажет.