Тұрғын үйлер құрылысын жылдамдатуға басымдық беріліп отыр

Мемлекет басшысы Үкіметке биыл 18 млн шаршы метр баспана тапсыруды міндет етті.

Оны жүзеге асыру үшін ұзаққа созылып кеткен құрылыстар кедергі келтіріп жатыр. Ел бойынша қазір 39 проблемалық нысан бар. Әр құрылыс бойынша жеке шешім қабылдап, нысандарды барынша жылдам аяқтауға басымдық беріліп отыр. Құрылыс компанияларына да сапаға қатысты талап қатаңдатылады. Халықты баспанамен қамту үшін жеңілдетілген «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.

Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында баспана сатып алуға сұраныс жоғары. Бағдарламаға көбінесе 24 пен 35 жас аралығындағы жастар өтініш берген. Ал атында жылжымайтын мүлкі бар және депозитінде жеткілікті қаражаты жоқ 2 мыңнан астам азаматтың құжаты қабылданбады.

Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Қабылданған өтінімдерді бағдарлама автоматты түрде іріктейді. Бағдарлама қатысушылардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады. Осы жылғы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында кредиттік өтінімдерді қабылдау жүзеге асырылады. 1 шілде мен 15 желтоқсан аралығында несиелер берілетін болады.

Қазір халықты баспанамен қамту жұмыстары ширап келеді. Дегенмен құрылыс саласында қордаланған мәселе көп. Тиісті министрлік жүргізген талдау бойынша елде бітпеген 600-ге жуық үлестік нысан бар. Оның ішінде 400-ден астамы үлескерлердің ақшасын заңсыз тарту арқылы салынып жатыр. Осыған байланысты азаматтардың құқығын бұзған құрылыс компанияларына салынатын айыппұл көлемі алдағы уақытта 300-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаюы мүмкін. Сарапшылар: «талаптың қатаңдатылуы салаға тың серпіліс береді», – деп отыр.

Ғалым Мүсіров, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Тұрғын үй құрылысы қашанда жүреді. Қашанда халық саны өсіп жатыр. Әр уақытта баспана керек болады. Сондықтан бағдарлама ары қарай жетілдіріле түседі деген ойдамын. Ол басқаша альтернативті жоба болуы мүмкін. 2029 жылға дейін ЖІӨ қарқынын өсіреміз, – дедік қой. Егер ондай бола қойған жағдайда халықтың табысы өседі. Халықтың табысы өссе, ипотекаға сұраныс азаюы мүмкін. Ондай жағдайда баға түседі.

Бүгінде 8 өңірде 39 проблемалық нысан бар. Олардың құрылысын аяқтау үшін мемлекеттен қаржыландыру және инвесторлар табу сынды жұмыстар қолға алынды. Осылайша, биыл жазда елордада 9 үлестік құрылыс нысаны пайдалануға беріледі. 500-ге жуық отбасыға пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр. Бұдан былай алдағы уақытта алдын ала шарттар жасауға, үлескерлердің қаражатын тартуға бағытталған рұқсатсыз жарнамаға, салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшасыз сатып алуға тыйым салынуы да мүмкін. Қазір бұл ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр.

Авторы: Мирлан Алтынбек.