Жетісу облысында жүгері алқабы азайтылды

Жетісу облысында жүгері алқабы 15 мың гектарға азайтылды.

Бұған былтыр өнім бағасының түсіп, оны өткізуде қиындық туындағаны әсер етті дейді, сала мамандары. Есесіне аймақ шаруалары майлы дақыл көлемін 16 мың гектарға арттырып, көктемгі дала жұмыстарына кірісті.

Александр Ершов Сарқан ауданындағы маңдайалды шаруашылықты басқарады. Биыл бес мың гектар жерге дән сепкен. Басымдық қант қызылшасы мен майлы дақылдарға берілген. Сол себепті күнбағыс алқабын 1500 гектарға жеткізді. 

Александр Ершов, шаруашылық жетекшісі:

- Күнбағыс көлемін екі есе ұлғайттық. Себебі оның түсімі жақсы. Бағасы да көңілге қонымды. Егістік жерімізге бірнеше дақылды қатар егеміз. Бірінің шығымы аз болса, екіншісімен шығынды өтеп пайда табамыз. 

Шаруалар шемішкені Сарқандағы май зауытына өткізеді. Өндіріс орны күніне 200 тонна шикізат өңдей алады. Осыған дейін өнімін шетелге сатып  келген кәсіпорын биыл отандық нарыққа шығуды межелеп отыр. 

Эдуард Толстов, зауыт директоры:

- Бір ай бұрын сұйық майды рафинадтайтын өндірісті іске қостық. Сол арқылы өз жерімізде өсірілген шемішкеден дайын өнім шығарғанға дейінгі процестің бәрін өзіміз жасайтын болдық. Яғни біздің майды отандық өнім деп айтсақ болады. 

Ауыл шаруашылық өндірісін әртараптандыру үшін өңірде арнайы семинар өтті. Онда шаруаларға қант қызылшасы, майлы дақылдар туралы мол мағлұмат берілді. 

Нұрдәулет Кененбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Майлы дақылдарды 90 мың гектарға дейін жеткіземіз. Оның үстіне Талдықорғанда можико майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылады. Сондықтан да біз күнбағыс дақылын жерлерде оның да көлемін ұлғайтып отырмыз. 

Жетісу облысында көктемгі егіс науқаны мамыр айының аяғына дейін жалғасады. Аймақ диқандары биыл 540 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылық дақылдарын себеді. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов