Мырзашөлдегі балықшылар

Бұрын мақта егіп, су таппай жататын жетісайлықтар енді балық өсіріп жатыр.

Шаруалар ауыл маңынан шағын тоған тұрғызып, соған шабақ жіберген. Қазір бірнеше ауылдың тұрғындары осы кәсіпті қолға алыпты. Балықшылар сазан, амур, дөңмаңдайды көбейтіп, ішкі сұранысты толық қамтуды жоспарлаған.

Атамекен ауылының тұрғыны Өмірзақ Маханов өткен жылы үй іргесіндегі 5 соттық жерге тоған жасап, 1,5 тонна шабақ жіберген. Оны көрші аудандағы балық зауытынан алыпты. Бүгінде тоғандағы балықтың алды 1 келіге дейін салмақ жинағанын айтады.

Өмірзақ Маханов, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Бұл балықтың ішінде 500 келі сазан, 500 келі табан, 500 келі дөңмаңдай бар. Күніге екі мезгіл жем береміз бала-шағамызбен. Мына судан аламыз, айналдырып ауа береміз, ақабасы қайтып түсіп кетеді суға.

Мұнда өзен-көл, таудан келетін ағын су болмағанымен егістікке пайдаланатын канал суы жеткілікті. Бұрын мақта еккен диқан енді балық шаруашылығына біржола ден қойған. Отбасылық кәсіп болғандықтан ұлы Дәулетті де осы іске баулып жүр. Балыққа уақытылы жем беру, күтіп-баптау Дәулеттің мойнында.

Дәулет Маханұлы, балықшының баласы:

- Азанымен тұрып, жем беремін балықтарға. Суын көремін жақсы ма екен деп. Сеткілері бар тазартатын, соны қараймын шөптерін алып. Кешке қарай тағы да келіп, жемін шашамын. Сөйтіп қарап тұрамын.

Жетісай ауданында балық өсірушілердің саны артып келеді. Шаруаларды шабақпен Шардара балық зауыты қамтып отыр. Олар шабақты арнайы көлікпен өздері жеткізіп береді.

Аязхан Нұрсұмат, балық зауытының бригадирі:

- Тауарлы балық 2800 теңгеден, Астана, Алматы, Шымкент және Қазақстанның барлық қаласына тірідей жеткізіп береміз. Шабақ 2,5 мың теңгеден келісі. Оны да өзіміздің арнайы техникалар бар өздері жеткізіп береді.

Қазір ауданда 10-ға жуық азамат балық өсірумен айналысады. Олар тоғандағы балық санын 200 мыңға дейін жеткізген. Шаруалар кәсіп табысты болса, тоған санын көбейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттің қолдауы тағы бар.

Нұртас Тұрсынбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда өсіріліп жатқан балықтардың алғашқы өнімдері дайын болды. Өзіміздің жергілікті базарларда сатылуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығына мемлекет тарапынан субцидиялау қарастырылған. Балыққа кеткен азығына 30%-ы субцидияланады. Сатып алатын шабаққа да қарастырылған. Бізде тоғанды суда балық өсіру жақсы дамып жатыр.

Жалпы Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Өткен жылы өңірде 70 шаруашылық құрылып, тауарлы балық өсірушілердің саны 250-ге жетіпті. Оның 30-ы туризм бағытындағы шаруашылық. Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов, «24.KZ», Түркістан облысы