Геология. Бір шаршы метр жерді зерттеуге қанша теңге керек?

Елде геологиялық барлауға бөлініп жатқан қаржы көлемі жеткілікті ме?

Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде салаға мемлекеттік қазынадан 640 млн доллар бөлінген. Бұл бір шаршы шақырымға шаққанда шамамен 8 доллар. Ал халықаралық тәжірибені ескерсек, бір шаршы шақырым аумақты барлауға Канада 203 доллар, Австралия 167 доллар бөледі екен. Тіпті көрші Өзбекстанның өзі 98 доллар жұмсайды. Бұл саладағы қордаланған мәселелер қалай шешілмек?

Республикалық геологиялық қорда 4,5 млн-нан астам есеп бар. Барлығы дерлік графикалық, магниттік тасығыш, картридж сынды түрлі құралда сақталған. Бірақ ақпарат алу үшін 3 айдай күтуге тура келеді. Жер қойнауын игерушілердің шағымы осындай. Геолог Қуаныш Тоғызов мәселені жоққа шығармады.

Қуаныш Тоғызов, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қызметкері:

- Бұл қаншама уақыт бойы түйткілді мәселе болып келе жатыр. Біз өтініш береміз, оны ұзақ уақыт күтіп қаламыз ақпарат дайын болғанша. Кейде ақпараттың өзімен танысудың өзі қиыншылық туғызады. Бірақ бұрынғыға қарағанда күту уақыты сәл де болса азайған. Қазір кішкене жақсарып келе жатыр.

Салаға бөлініп жатқан қаржы мардымсыз. Өткен аптада Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов Үкіметке осындай сауал жолдады. Сенатор ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру міндеттемелері аясында бөлінген қаражаттың 50 пайызын геологиялық барлауға пайдалануды ұсынды.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Бүгінде білікті геологтардың көбі зейнеткерлік жасқа таяп қалды. Сәйкесінше тәжірибелі кадр тапшы. Саладағы деректер де талапқа сай сақталмай жатыр.

Геология комитеті Жер қойнауының мониторингі басқармасының басшысы Бимаханбет Асанов деректер сақталатын платформа 2026 жылы толық қолданысқа енетінін айтты. Қазір оған 54 мың геологиялық есеп жүктеліп жатыр. Сайтты "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ Цифлық даму министрлігі бірлесіп әлде де жетілдіреді.

Бимаханбет Асанов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті басқармасының басшысы:

- Табиғи керіштерді сақтаудың республикалық қоймасы Астана қаласында салынайын деп жатыр. Сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің қаулысы шықты жер учаскесін бөлу туралы. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы бөлінсе, салынады. Бүкіл геологиялық ақпарат өз деңгейінде сақталатын болады. 

Былтыр геологиялық барлауға ел қазынасынан 8 млрд тг бөлінген. 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен 13 млрд 300 млн тг қарастыру көзделген. Бірақ сала тамырына қан жүгірту үшін инвестициялық тартымдылықты арттыру керек, дейді маман.

Өкінішке қарай, елде білікті кадр аз. Мәселен, соңғы оқу жылында 300-ге жуық түлек геолог дипломын алған. Алайда көбі түрлі жағдайларға байланысты басқа саланы таңдайды екен. Әсіресе, литолог, минеролог және стратиграф мамандары тапшы.

Мирлан Алтынбек, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ.