Венгрияда карантин талаптарын бұзғандарға жаза қатаңдатылды

Венгрияда карантин талаптарын бұзғандарға жаза қатаңдатылды

Венгрияда карантин талаптарына қарамастан, ережені бұзбақ болған қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне жаза қатаңдатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тәртіпке бағынбағандарға салынатын айыппұл көлемі 17 мың АҚШ долларына дейін өсті. Кей жағдайда мейрамханалар 6 айдан бір жылға дейін ашылу құқығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Венгрияда 11 қарашада басталған шектеулердің мерзімі наурыздың біріне дейін ұзартылды. Бұған қарамастан жуырда аймақтағы кей мейрамхана мен кафе иелері наразылық білдіріп жұмысын қайта жандандырмақ болған. Жергілікті билік оларда көмек ретінде ел қазынасынан 68 млн АҚШ доллары бөлінді десе, мейрамхана иелері бұл қаражаттың көк тиынын да көрмегенін айтып шағымдануда. Енді кәсіпкерлер қып-қызыл шығынға батып, банкрот алдында тұрғанын айтады.

Гергей Гуляш, Венгрия премьер-министр әкімшілігінің басшысы:

– Заңбұзушылық тіркелсе, тиісті жаза қолданылады. Бизнесі жарты жылға дейін жабылуы да мүмкін. Ал жұмыс істеп тұрған қоғамдық тамақтану орнына барғандарға да айыппұл салынады. Тұтынушыларға да тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.