Израильде ірі экологиялық апатқа қатысты тергеу жүріп жатыр

Израильде ірі экологиялық апат. Елдің солтүстіктен оңтүстігіне дейін созылған жағалауға мазут төгілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қалай пайда болғаны әлі белгісіз. Апат аймақтарында мұнайды тазалау бойынша ауқымды операция жүргізіліп жатыр.

Апаттың алғашқы белгілері дүлей дауылмен келді. Желдің екпінімен жағаға киттің 10 метрлік баласы шығып қалған. Кейін оның өкпесінен мазут табылды. Көп ұзамай демалушылар жағажайдың мұнай дақтарына толып кеткенін байқады. Көптеген теңіз жануары қырылды. Ластану ауқымы адам шошытады. Елдің солтүстігіндегі Рош-а-Никра мекенінен оңтүстіктегі Газа секторына дейінгі 170 шақырымға созылып жатқан жағажайлардың барлығы ластанған.

Ольга Навроцкая, Сlean City жобасының жетекшісі:

- Мазут құмға сіңіп кеткен. Оларды көтергенде көлемі 5 сантимердей болатын қап қара дақтарды көруге болады. Мысалы бір шаршы метрді 8 адам отырып, 3 сағат тазаладық. Соның өзінде толық тазалай алмадық.

Қазір апат аймағында мыңдаған еріктілер, әскерилер, құтқарушылар, полицейлер, мектеп оқушылары күні-түні жұмыс істеп жатыр. Техниканы барлық жерде қолдануға келмейді. Адамдар экскаваторлар кіре алмайтын жағажайларды қолмен тазалауға мәжбүр.

Шира Яаакоби, жергілікті тұрғын:

- Мазут бақалшыққа толып, оларды қолмен жинауға мәжбүрміз. Мұның қаншалықты қиын екенін өзіңіз елестетіп көріңізші. Мен мына бір жерден үш қап жинадым. Ал жағажайдың шеті көрінбейді.

Мұнайдың қайдан төгілгенін әлі ешкім білмейді. Бір болжамға қарағанда мазутты жағада тұрған бір кемеден ағызып жіберген. Оны әскери тікұшақтар іздестіріп жатыр. Ал тағы бір сарапшының пікірінше, кемелер портқа кірмес бұрын, жылдар бойы төгіп келген мұнай қалдықтарын жағаға дауыл шығарып тастаған.

Вадим Манов, мұхитты тазарту бойынша компанияның директоры:

- Егер қатты ағыс болса, мазут көп жерге таралған болуы мүмкін. Онің үстіне жылы жерде еріп, қоймалжың күйге айналатындықтан жинау қиындайды.

Апатқа байланысты шомылу маусымы бола ма, болмай ма белгісіз. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот Экология министрлігінің талабы бойынша мәселе қатысты мәліметтерді жариялауға тыйым салды.

Авторы: Сергей Ауслендер