Мәскеуде QR-кодпен кіргізетін дәмханалар табысынан айырылды

Мәскеуде QR-кодпен кіргізетін дәмханалар табысынан айырылды

Соңғы тәулікте Ресейде коронавирус жұқтырған 24 800 науқас анықталды. Ал ел астанасы Мәскеуде бір күнде ковид жұқтырудың 6 мың дерегі тіркелді.

Екі апта бұрын шаһарда екпе салдырмаған адамдарға кафе мен мейрамханаларға баруға шектеу қойылды. Тек ПТР тест көрсетіп кіре алады. Алайда жұрттың көбі тамақтану үшін шығындалғысы келмейді. Жазғы алаңдар әзір ашық. Олардың шектеусіз жұмысын тамыз айына дейін ұзартты. Мейрамхана иелерінің айтуынша, QR-кодтар ендіру салдарынан табыс кем дегенде екі есе азайыпты. Олар үкіметтен шектеулерді алып тастауға немесе салық пен жалақы төлеуге жеңілдіктер секілді уақытша қолдау көрсетуді сұрап отыр. 

Владимир Перельман, мейрамхана иесі:

- Табысымыздың 60 процентінен айырылдық. Ал фудкорттағы орындарымыз одан да көп шығынға ұшырады. 

Георгий Мамаков, бар иесі:

- Осы және Покров бульварындағы мекемемізден өзге барлық нысанды уақытша жаптық. Дағдарыс кезінде осылай әрекет ету қажет. Құлағанда еш жеріңді сындырмас үшін жинақталу керек. 

Тағамды тапсырыспен жеткізуге маманданған мекемелердің жағдайы тұрақты. Жазғы алаңдары жоқ және жеткізумен айналыспайтын кафелер табысының 90 процентінен қағылып отыр. Егер бұл шектеу мерзімін тамыз айында ұзартса, Мәскеудегі мейрамханалардың көбі жабылуға мәжбүр болады. Билік өкілдері вакциналау қарқыны үдей түскенін мәлімдеді. Күн сайын Мәскеуде 100 мыңдай адамға екпе салынатын болады. Қала басшылығы таза ауада орналасқан кейбір кешендерге жұмысын қайта бастауға рұқсат берді. Хайуанаттар бағы, саябақтардағы балалар мен спорт алаңдары ашылады.