Ауғанстанда халық тәліптерге қарсы шеруге шықты

Ауғанстанда халық тәліптерге қарсы шеруге шықты

Ауғанстанның өзінде де жүздеген адам көшеге шығып, тәліптердің билігіне қарсы наразылық білдірді. Тәліптер шеруді күштеп таратты. Жергілікті телеарнаның бір тілшісі жарақат алып, оның операторы соққыға жығылған.

Таги Дарьяби, журналист:

- Талибанның он шақты жасақшысы мені бөлмеге кіргізіп, таяққа жықты. Қолдағы бар затпен ұрған. Талып қалдым, ес жиғанда қасымда өз әріптестерімді көрдім.

Тәліптер билікке келгелі Ауғанстан әйелдері зәбір көре бастағанын айтып отыр. Мемлекеттік мекемелер мен сауда ұйымдарында жұмыс істейтін қыз-келіншектер қызметін жалғастыра алмай нәпақасынан айырылды. Осыған орай өткен аптада ауған әйелдері бірнеше қалада көшеге шықты. Қолдарына плакат ұстап, ұрандатқан белсенділер, әйелдерге жұмыс істеу құқығын беру мен қыз-келіншектерді жаңа үкімет құрамына қосуды талап етті.

Оларды тарату үшін тәліптер әуеге оқ атып, көз ашытатын газ шашты.

* Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.