Өзбекстан халқы иммундау шарасына белсенді қатысып жатыр

Өзбекстан халқы иммундау шарасына белсенді қатысып жатыр

Өзбекстандықтар иммундау шарасына белсенді қатысып жатыр. Қазір көрші елде жасы 18-ден асқан ересектердің 84 проценті екпе алып үлгірген. Ал толық курстан өткендердің жалпы саны 50 процентке жуық. Айта кету керек, өзбекстандықтарға қазір 6 түрлі вакцина қолжетімді.

Алмазар аудандық емханасына екпе алуға келгендердің бірі Мансұр Мадазимбаев. Ол осыдан 4 ай бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханада ажалмен күресіп шыққан екен. Айтуынша, отбасы мүшелері де түгел ковидпен ауырған. Енді вирусты қайта жұқтырмас үшін вакцина алуға шешім қабылдапты.

Мансұр Мадазимбаев, Ташкент қаласының тұрғыны:

- Мен бүгін өзбек-қытай вакцинасының алғашқы компонентін алдым. Өзім коронавируспен ауырған кезде о дүниелік болып кетермін деп қорықтым. Ауруханада 17 күн ем қабылдадым. Сол аралықта 15 келі салмақ тастадым. Енді қайтып ауырмау үшін екпе жасаттым.

Қазір Өзбекстанда халыққа 6 түрлі вакцина қолжетімді. Жуырда көрші елге COVAX бағдарламасы бойынша АҚШ-тан 300 мың доза көлемінде Pfizer вакцинасы әкелінді. Қазір иммундау шарасына тұрғындардың барлығы дерлік қатысып жатыр. Бүгінде ересектердің 84 проценті вакцина алған. Көрші елде жасы 18-ден асқан азаматтардың 21 млн екпе алуға жарамды болса, бүгінде олардың 18 млн жуығы иммундау шарасынан өткен.

Ботир Курбанов, коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабтың мүшесі:

- Осы күнге дейін Өзбекстанға жалпы 43 млн жуық доза вакцина импортталған. Қазір оның 35 млн 117 мың дозасы пайдаланылды. Екпенің алғашқы компонентін алғандардың саны 18 млн 56 мың, екі дозаны алғандар 11,5 млн-ға жуық ал вакцинаның үш компонентін салдырған азаматтардың қатары 5 млн 861 мыңға жетті. Халықтың дені ZF-UZ вакцинасын таңдаса, екінші орында модерна препараты тұр. 

Риат Шони, тілші:

- Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық қызметінің мәлімдеуінше ересектер мен балаларды қоса есептегенде иммундау шарасының толық курсынан халықтың 50 процентке жуығы өткен. Өзбекстанда екпе егу тамыз айында міндеттеліп, заңға тиісті өзгеріс енгізілген болатын. Иммундау шарасына қатыспаған азаматтарды жұмыс берушілер жұмыстан уақытша шеттетуге құқылы. Өткен айда коронавирусқа қарсы екпе жасатпаған 26 мың адам жұмыстан шеттетілген еді. Сондықтан болар қазір өзбектер иммундау шарасына белсене қатысып жатыр.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов