Тәліптер мен Еуропа елдері басшылары арасындағы келіссөздер аяқталды

Осло қаласында өткен жиында дипломаттар Ауғанстанға көрсетілетін гуманитарлық көмек пен ондағы адам құқығы мәселелерін талқылады.

Үш күнге созылған іс-шараға сырттан ешкім кіргізілмеді. Тәліптер бұл жолы АҚШ пен Батыс елдерінде сақталған Ауғанстанның 10 млрд долларын бұғаттан шығаруды талап етті. БҰҰ болса тәліптерге елге кіретін электр қуаты мен өзге де импортқа төлем жасауға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, ауған жеріндегі гуманитарлық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады. Халықаралық агенттіктердің мәліметі бойынша, аймақта 23 млн адам ашқұрсақ жүр. Халық жеке мүліктерін сатып күн көруде. Босқындардың күйі өте нашар, - дейді сарапшылар.

Амир Хан Муттаки, «Талибан» қозғалысының өкілі:

– 3 күндік кездесуде Америка және Еуропа елдерінің басшыларымен нәтижелі кездесулер өтті. Көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Ауғанстан тарапы өз мәлімдемесін де жасады. Бұндай кездесулер ауған жерінің экономикалық әл-ауқатына оң нәтиже беретіні сөзсіз. Ауғанстан қақтығыс алаңы емес. Бұдан былай елімізді экономикасы дамыған, халықаралық байланыс пен қарым-қатынастың орталығы ретінде көргіміз келеді. Кез келген қиыншылықты еңсеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.