Таиландта екі мыңнан астам үй суға кетті

Таиландта екі мыңнан астам үй суға кетті

Аймақта аяқ астынан дауыл соғып, соңы алапат тасқынға ұласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлкен су Мьянма шекарасындағы бөгетті бұзып өткен. Әзірге табиғат апатының салдарынан зардап шеккендер мен құрбан болғандар туралы ақпарат жоқ. Құтқару жұмысы жалғасуда. Халық қазірдің өзінде зор материалдық шығынға батқанын айтады.

РЕЙН ӨЗЕНІ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР   

Еуропадағы аптап ыстықтың салдарынан Германиядағы ең ірі Рейн өзенінің суы 40 сантиметрге азайды. Бұл кеме қатынасына кері әсеріне тигізіп отыр. Мамандар осының кесірінен елдің жалпы ішкі өнімі 0,5 процентке төмендеуі мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені жүк тасымалы шектеледі. Қазірдің өзінде өзеннің кейбір тұсынан салмағы 3 мың тоннадан асатын кеме жүре алмайды.

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ЗАРДАБЫ

Британиядағы құрғақшылық елдің жарты аумағын қамтыды. Қуаңшылық зардабын жерсерігі арқылы ғарыштан жасалған суреттерден көруге болады. Бұған дейін билік 8 аймақта төтенше жағдай жариялады. Аптап ыстықтан, әсіресе, ауыл шаруашылығы қатты зардап шегуде. Жайылым мүлде қалмаған. Шаруалар малға қысқа деп дайындаған жем-шөпті беріп жатыр.

Дэвид Эксвуд, шаруалар одағының вице-президенті:

Құрғақшылық мұнымен бітпейді. Ол тұрақты құбылысқа айналуы мүмкін. Сондықтан үлкен әзірлік керек. Бұл мәселеге үкіметтің араласқаны дұрыс. Инфрақұрылымға инвестиция құю қажет.