Әлем елдері табиғаттың тосын мінезінен әбігерге түсті

Кейбір елдер толассыз жауыннан зардап шексе, енді бір мемлекеттер қуаңшылықтан көп шығынға ұшырап отыр. Үндістанның солтүстігінде селдетіп жауған жаңбырдан Ганг өзені тасып үйлерді су басты. Пәкістанда су тасқыны салдарымен күрес жалғасып жатыр.  Ал Германияда биыл шаруалар қуаңшылықтан өнім 50 пайыға аз болатынын айтады.

Оңтүстік Азия елдері үшін жаңбыр маңызы зор су көзі саналғанымен шамадан тыс жауын-шашын үлкен қасіретке ұласатын кездер жиі болады. Биылғы жаңбырлы маусым да аймақ халықтарына көп шығын әкелді. Үндістанның Уттар-Прадеш штатында шелектеп құйған жаңбырдан Ганг өзені тасып, Варанаси қаласын су басып жатыр. Тасыған су деңгейі белуардан асады. Адам шығыны жайлы  ақпар жоқ.

Рашмина, тұрғын:

- Су қатты тасып осы өңірдегі біраз мекен су астында қалды.  Баспаналарын айырылып, жапа шеккен жандар көп. Адамдар түнде ұйықтайтын жер таба алмай қиналып жүр. Жейтін тамақтары да жоқ.

Пәкістанның үштен бір бөлігі су астында қалды

Пәкістанда толассыз жауыннан елдің үштен бір бөлігін су басып, 1 миллиондай үй-мен ғимарат бүлінген. Жарты миллионға жуық адам уақытша салынған лагерьлерді паналауға мәжбүр. Құрғақ жерлерде қолдан шатыр жасап күнелтушілер қарасы да артты. Табиғат апатынан әсіресе Синд пен Белуджистан провинцисы қатты зардап шекті. Қос аймақтағы тасжолдар мен көпірлерді су шайып, көп мекендер бөлініп қалған. 

Урс Соланги, тұрғын:

- Жаңбыр мен су тасқынынан үйлеріміз бүлініп жиһазымыздың бәрі су астында қалды. Әйтеуір қолымызға ілінген заттарымызды алып қауіпсіз жерге аман есен жеттік. Енді баспанасыз ашық аспан астында түнеп жатырмыз.

АҚШ-тың Миссисипи штатында төтенше жағдай жарияланады

Ал АҚШ-тың Миссисипи штатының орталығы Джексон қаласында төтенше жағдай жарияланғалы жатыр. Себебі, толассыз жауыннан шаһарды ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған тазалау жүйесінің бірі істен шыққан. Жағдайға байланысты тұрғындарға шүмектен су ішпеу керектігі ескертілген.

Дэниел Эдни, мемлекеттік санитарлық дәрігер:

- Қазір су тазалау қондырғысының біріндегі апатты жағдайға байланысты шүмектен аққан суды ішу қауіпті. Онымен тіпті тіс шаюға да болмайды. Себебі, ол әдеттегідей тиісті қоспалар қосылып тазаланбаған.

Қуаңшылық зардабы

Германияда шаруалар керісінше қуаңшылықтың зардабын тартып жатыр. Биыл елде жауын-шашын аз болып, астық пен өзге де дәнді-дақылдардың шығымы 50 пайызға төмен болғалы тұр. Себебі жаз айларында жиі тіркелген аптап ыстықтан егістік алқаптарының көбі күйіп, қурап қалған. 

БЛИЦ

- Әдетте осы уақытта картобымыз жап жасыл болып, қаулап өсіп жататын. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандй түкте жоқ. Бәрі солып қалды. Мысалы, мына түпті қазсақ астынан түк те шықпайды.

Африканың шығыс аймағы қуаңшылықтан тағы зардап шегуі мүмкін 

Биыл Африканың шығыс аймағы қуаңшылықтан тағы зардап шегуі мүмкін. Дүниежүзілік метерологиялық ұйымның сарапшылары осылай деп дабыл қағып жатыр. Қазан-желтоқсан айында жауын-шашынның аз түсуінен өңірде ашаршылық күшеюі мүмкін, дейді мамандар. Қазірдің өзінде Эфиопия, Сомали және Оңтүстік Суданда аштықтың тауқыметін тартқан жандардың саны 700 мыңнан асады.

Дәурен Ақашұлы