Түркияда әлемдік технологиялар фестивалі басталды

Түркияның Самсун қаласында әлемдік технологияларды танытуға арналған ауқымды фестиваль өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Технофест» шарасына Түркияның барлық провинциялары мен бауырлас түркі елдерінен командалар қатысып жатыр. Түрлі саладағы үздік жобалардың тұсауы кесіліп, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының әлеуеті таныстырылды.

Бағдат Бектұрғанқызы, тілші:

– Қара Теңіз жағасынан «жел» соқты. Білім, ғылым және технологиялар саласында толқын тудыруды көздеген «Технофест» шарасын осылай сипаттауға болады. Аэроғарыш және әуе техникалары мен ғылымдағы  инновациялық жетістіктер фестивалінде жүздеген мың команда бақ сынап жатыр. Озық техникалардың кереметі әуеде көрсетілді.

Түріктің ұшқышсыз басқарылатын ұлттық қондырғысы. Жуырда ғана ұшу сағатын 500 мыңға жеткізіп, рекорд орнатқан. Әлемдік аэроғарыш және қорғаныс саласындағы ең үлкен жетістіктің бірі. Шетелдерден алғаш рет Польша аспанында биыл ұшырылмақ. Осылайша жоғары технологиялы әуе құралының НАТО-ға және Еуропалық Одаққа мүше елдерге экспорты басталады. Фестиваль барысында БайрактарТВ2, Ақсүңгір, Түрік жұлдызы сынды әскери ұшақтар әлеуеті таныстырылды. Олардың бірқатары бірнеше елде әуе қорғаныс саласында қолданылып, теңдессіз жоба екенін дәлелдеп қойған.

Ал мынау түрік инженерлерінің үлкен бір жетістігі. Қозғалтқыш қуатын алты мың аттың күшінен он мыңға дейін жеткізген. Ең ірі ұлттық қозғалтқыш ретінде таныстырылды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа технологиялардың біразы ковид пандемиясында айқын сыналды.

Мысалы, індет жаһанды жаулаған кезде жасанды тыныс алдыру құралы ауадай қажет болды. Дәл осы жабдық Түркияда жасалып, әлемнің көптеген еліне шұғыл экспортталып жатты. Одан бөлек жойқын апаттардан адамдарды шұғыл құтқаруға көмектесетін мынадай жоғары технологиялы, жедел басқару медициналық жылжымалы станциялары көптеп шығарылды.

Шуаип Биринджи, Түркия денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Мысалы, сел болды. Шұғыл көмек көрсетуде жаңа құралдармен жабдықталған осындай жылжымалы техникалар көмегі зор. Атсалысатын мыңдаған ерікті де бар. Таулы жерлерде, су басқан аймақтарда байланысқа тез қосылып, әрі адам өмірін сақтап қалу үшін шүғыл медициналық қызмет көрсете аламыз. Қажет болса, өзге елдерге жетістіктерімізді көрсетіп, соның ішінде Қазақстанмен байланысты арттыра беруге ниеттіміз.

Бұл – Әзербайжаннан келген инженер және бағдарлама жасаушылар. Университет құрамындағы жас мамандар тобының жобасын таныстырып жатыр. Қуаңшылық жағдайында суды үнемдеп, бірнеше рет пайдаға жаратудың тың тәсілін таптық дейді. Білім беруді онлайн жүргізудің пайдалы жолын да ұсынып отыр әлемге. Жуырда сол стартап жоба қазақстандық «Астана хабтың» грантын жеңіп алыпты.

Шахин Халилов, инженер, бағдарлама әзірлеуші \Әзербайжан\:

Бұл жаңа бағдарлама. Google мен AstanaHub, бірлесіп біздің жобаға қызығушылық танытып отыр. Енді Астанадан сүйінші хабар жетті. Біз тараптармен кездесіп, жобаны жүргізудің, инвестор тарту, бизнес жасау жолдарын меңгеруіміз керек. 

Биотехнологиялық инновациялар, жасанды жадыны пайдалану, тікұшақтарды жасаушылар сайысы, электромобильдер мен гидромобильдер рейтингі. Осының барлығы түрлі саладағы әр елдің жетістіктерін таныстырды.  

Технофест байқаушылар кеңесінің төрағасы Сельжук Байрактардың айтуынша, ауқымды шараны өткізудегі мақсат та осы, ғылым мен жоғары технологияларды игеруді бірлесіп атқару. Және сол жетістіктерді адамзаттың игілігіне жұмсау.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Елдар Иманғазы