Экономикалық болжамдар көңіл көншітпейді

Экономикалық болжамдар көңіл көншітпейді

Жаһандық экономика тұралап, өсім біз ойлағаннан да баяу жүреді. Халықаралық валюта қоры өкілдерінің пікірі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың биылға да, келер жылға да болжамы көңіл көншітпейді. Жаһандық экономикадағы ахуалдың жақсармай тұрғанына бірнеше себеп бар. Ең бастысы, бұл әрине, инфляция. Әлемдегі геосаяси ахуал тағы бар. Ахуалдың нашарлауының басты себептерінің қатарында Қытайда экономикалық өсімнің баяулауы да бар. Өйткені шығысымыздағы көрші мемлекет әлемнің үш ірі экономикасының бірі саналады.

Халықаралық валюта қорының болжамына сенсек, келер жылы әлемдік экономиканың өсімі 2,7 процентке дейін баяулайды. Шілдеде олардың келтірген сандары бұдан сәл төмендеу болатын. Алайда мамандар жағдай біз ойлағаннан да күрделі дейді. Өйткені әлемнің үш ірі экономикасы – АҚШ, Еуроодақ пен Қытайда ахуалдың жақсаруы байқалмайды. Сарапшылардың айтуынша, бұған инфляцияның жоғары деңгейі себеп. Украинадағы шиеленіс кесірінен энергетикалық дағдарыс өршіп кетті. Бұл, әсіресе, Еуроодақ елдерінде қатты байқалып отыр. Пандемияның әсері тағы бар. Ал Қытайда жылжымайтын мүлік нарығында дағдарыс ушығып барады. Мамандардың пікірінше, бұл Оңтүстік-Шығыс Азия экономикасындағы ахуалға кері әсер етуі мүмкін. Халықаралық валюта қорының жеке елдер бойынша әсіресе Украинаға қатысты болжамы алаңдатарлық. Мұнда биылғы жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 35 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Ал тұтыну бағаларының индексі 9-дан 20 процентке дейін шарықтап кетеді дейді мамандар.   

Пьер-Оливье Гуриншас, халықаралық валюта қорының бас экономисі:

– Әлемдік экономикаға кері әсер етіп отырған басты 3 фактор бар. Бұл Украинадағы шиеленіс, инфляция және Қытайда экономикалық өсімнің баяулауы. Сондықтан біз келер жылға болжамды өзгерттік. Қазір әлемнің көп елінде азық-түлік пен электр энергиясының күрт қымбаттағанын бәріміз көріп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, сұмдықтың бәрі әлі алда. 2023-ші жыл,,,рецессия жылы болады деуге келеді.