Францияда электронды темекі жәрмеңкесі өтті

Францияда электронды темекі жәрмеңкесі өтті

Көрме залы көк түтін. Түкпір-түкпірден таралған түрлі иіс мұрын жарады. Бұл – электронды темекі жәрмеңкесі. Ал осы жаңа темекі түрі сырт көзге бір қарағанға баланың ойыншығы сияқты көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұған ересектер ғана емес жасөспірімдер де қызығушылық таныта бастаған. Кәмелет жасқа толмағандар үшін темекі сатуға тыйым салынғанымен құрамында никотині бар вейбқа құмар жастардың қатары артып келеді.  

Вероник Легран, «Мен шылым шекпеймін» қауымдастығының мүшесі:

- Белгілі бір тәртіп болғанмен оған ешкім бағынбайды.  Кез келген адам, мейлі бала болсын дүкенге келіп сатып ала алады. Төлқұжат тексерілмейді. Кәсіби мамандардың өздері де заңға бағынғысы жоқ.

Францияда электронды темекіні ғаламтор арқылы кез келген шағын немесе арнайы дүкенде сатып алуға болады. Олардың 100-ге жуық түрі бар. Осыдан 15 жыл бұрын пайда болған тауардың бұл түрі әдеттегі темекіден зияны аз балама ретінде шығарылған еді. 

Николя Бардель, электронды темекі шығаратын компания басшысы:

- Бүгінде тұтынушылар арасында шылымды толықтай тастап, электронды темекіні пайдаланып жүргендер аз емес. Басты мақсат әдеттегі темекі шегушілерге никотиннің зиянын түсіндіріп, балама тауар түрін ұсыну болған. Осылайша әдеттегі темекінің кесірінен туындайтын аурулардың алдын алу көзделген.

Бір жағынан вейп ересектерге темекіні тастауға септігін тигізсе, екінші жағынан жастардың қызығушылығын оятқан. Франция заңына сәйкес  электронды темекіге акциз салынбайды. Сондықтан бұндағы баға да қолжетімді.  Ал көрші Германияда бұл тауарға салық бар. Финляндия, Венгрия мен Нидерланд билігі хош иісті вейбті сатуға толық тосқауыл қойған. Енді Еуроодақ бұл шектеуді барлық аймақта жүзеге асыруға ниетті. Өйткені электронды темекінің құрамында әдеттегі шылымдыкіндей никотин болуы мүмкін дейді саясаткерлер. 

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан