Литваның солтүстігіндегі газ құбырында жарылыс болып, өрт шықты

Оқиға Латвия шекарасына жақын жердегі Пасваль ауданында орын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайға байланысты жақын маңдағы ауылдан 200-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жарылыстан ешкім жапа шекпеген. Апаттың себептері әлі белгісіз. Жергілікті билік өрт сөндірушілер жалынды сөндіріп, жағдай тұрақталғанын мәлімдеді. Қазір апаттың неден туындағаны анықталып жатыр.   

Вилмантас Виткаускас, Литва дағдарысты жағдайларды ұлттық басқару орталығының директоры:

- Менің ойымша, апатқа техникалық ақау себеп. Құбырдың өзі ескі. Оның салынғанына 40 жылдай болып қалды. Сондықтан қазір жарылыс техникалық ақаудан туындаған деп пайымдап отырмыз. Бірақ басқа болжамдар да жан-жақты қарастырылып жатыр.