Иерусалимде қарулы шабуылдан 7 адам қаза тапты

Иерусалим қаласында қарулы адам синагога маңында жиналған адамдарға оқ атты. Нәтижесінде 7 адам қаза тауып, тағы 10 адам жараланған.

Олардың кейбіреуі ауыр хәлде. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары  ізін суытуға тырысқан қасқөйдің көзін жойды. Полицияның мәліметінше, ол – Шығыс Иерусалимде босқындар лагерінде тұрған 21 жастағы палестиндік. Газа аймағын бақылайтын Хамас ұйымының өкілі бұл израильдік басқыншылардың Женинде жасаған қылмыстарына жауап болғанын мәлімдеді. Дегенмен Хамас осы шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Таяуда Израиль әскері палестиндік жасақшыларды құрықтау мақсатымен Женинде арнайы операция өткізді. Нәтижесінде бірнеше адам қаза тапты. Арасында бейбіт тұрғындар да болған.