Лондонда апалы-сіңлілі Нақыпбековалар туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Лондонда әлемге әйгілі апалы-сіңлілі Нақыпбековалар туралы деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Көркем туынды қазақтың музыкант қыздарының тағдырынан сыр шертеді.

Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар - әлемдегі ең үздік фортепианолық триолардың бірі. Эльвира скрипкада, Элеонора фортепианода, ал Альфия виолончельде ойнайды. Олар Қарағандыда туып, музыкалық білім алған. Кейін Мәскеуде консерваторияда оқып, халықаралық байқауларда топ жарады. Шығармашылық еркіндік аңсаған үш қазақ қызы батысты бағындыру үшін елден көшеді. Сексенінші жылдардың соңында Лондонда бастары бірігіп, содан бері әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетіп келеді. Фильмде Нақыпбековалардың осы өмір жолы туралы баяндалады.

Альфия Нақыпбекова, музыкант:

- Адамдардың өмірін қысқа деректі фильмде көрсету және өткен тарихқа терең үңіле білу өте қиын. Бұл тұрғыда туынды сәтті шықты деп ойлаймын. Режиссер мен шығармашылық топтың еңбегі орасан.

Эльвира Нақыпбекова, музыкант:

- Режиссер фильмде көрерменнің назарын ұстап тұруға тырысқан. Сюжеттің тартымды болуына мән берген.

Элеонора Нақыпбекова, музыкант:

- Фильмде менің үйімдегі екі бөлмені алып жатқан мұрағаттың кішкентай бөлігі көрсетілген. Көрерменге ұнайды деп үміттенемін.

«Еркіндікке жол» деректі фильмінде трионың музыкалық олимп шыңын бағындармас бұрын қиын асулардан өткені туралы айтылады. Жеке мұрағаттарынан фото және видеолар қолданылып, сұхбаттарымен толыққан. Фильм Англия, Италия, Франция және Біріккен Араб Әмірліктерінде түсірілген. Париждегі және Дубайдағы концерттік қойылымдарынан үзінділер пайланылған.

Берлин Иришев, деректі фильмнің продюсері:

- Енді өмір деген ұзақ емес қой. Біраз жасқа келіп жатырмыз бәріміз де. Мұны тарихқа кіргізу үшін, ертең өкініп қалмау үшін, бұны бүгін емес ертең біз бәріміз бағалаймыз. Сондай оймен осы фильмді құрдық.

Көрсетілімде қазақстандық дипломаттар ұлт мәдениетін танып-білуге жағдай жасаған фильм авторларына алғыс білдіре отырып, тұсаукесермен құттықтады. Шараға британ жұршылығы және жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Олар классикалық музыка өнерінің тылсым құдіретін бүкіл әлемде танытып жүрген Нақыпбековаларға ризашылығын білдірді.

Росс Гоу, көрермен:

- Маған Астана мен Алматы қалаларында болу бақыты бұйырды. Менің өте көп қазақ достарым бар. Бірақ Қазақстанда классикалық музыка өнерінің қаншалықты терең дамығаны туралы білмеппін. Фильмді көре отырып, соған көзім жетті.

Светлана Фон Поммерн, көрермен:

- Бұл фильм біз үшін Лондондағы ерекше оқиға дер едім. Болашақта Нақыпбековалар туралы көбірек білгіміз келеді. Оларды әлемдік сахналарда жиі көргіміз келеді. 

Виртуоздар қазір Лондонда тұрады. Батыста “Бековалар триосы” деген атпен танымал. Гастрольдік сапарларға шығумен қатар, педагогикалық қызметпен де айналысып жүр. Өмірінің көп бөлігін Қазақстаннан тыс жерде өткізгеніне қарамастан, олар отанымен байланысын жоғалтқан емес. Ендігі арманы туған жерінде концерт беру және студенттерге шеберлік сабақтарын өткізу.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы