Испанияда Қытайдың көліктері көбейді

Испанияның автонарығында қытайдың көліктері көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр сатылым 6 есе артқан. Аспан асты елінің көліктері Барселонаға теңіз порты арқылы жеткізіліп, Еуропаға тасымалданады.

2022 жылы Қытай көлік экспорты бойынша АҚШ пен Оңтүстік Кореядан кейінгі орынға жайғасты. Аспан асты елі сыртқы нарыққа былтыр 2,5 млн-нан астам көлік шығарған. Қазір «Қытайда жасалған» деген темір тұлпарлар Еуропа, оның ішінде Испания нарығын жаулай бастады. Қытай көліктері  бәсекелестікті бағасымен алып тұр.

Пабло Альва, менеджер:

- Жақында ғана Барселонада Қытай көліктерін сататын 2 жаңа салон ашылды. Нарықта сұраныс көп, бағасы жергілікті көліктерден 5 және мың еуроға дейін төмен, бір қызығы, көліктер көбінесе ағылшын немесе итальян тілімен аталады. Бұл да бір стратегиялық айланың бірі.

Аида Қыдырбай, тілші:

- «Сонау Азиядан Еуропа төріне логистикалық қиындықтарды еңсеріп келетін Қытай көлігі Испанияда қалай арзан болуы мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайды. Жауап: жұмыс күшіне байланысты. Қытайда Еуропаға қарағанда еңбек күші әлдеқайда арзан екені белгілі әрі көлік құрастыруда  сапасы төмен материалдар қолданылатыны да жасырын емес.

Хуан Альберто Виейро, порт қызметкері:

- Еуропаға көбінесе электр көліктері тасымалданады. Көліктің жалпы сапасына қатысты сын көп айтылса да, машиналардың аккумуляторы өте жақсы жұмыс жасайды. Гибрид көліктерге де сұраныс өте жоғары.

Еуропада көбейе бастаған Қытай көліктері жергілікті өнеркәсіпке қауіп төндіріп тұр, - дейді Испания автомобиль және жүк көлігін өндірушілері қауымдастығы. Небәрі 2 жылдан кейін Қытайдан Еуропа нарығына тасымалданатын автомобиль саны 800 мыңға жуықтамақ. Демек жақын болашақта Еуропа елдерінің көлік экспорттау көрсеткіші төмендеп, импорты артуы мүмкін.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.