АҚШ дефолтқа арналған жиынды кейінге шегерді

Джо Байден АҚШ Конгресінің басшыларымен мемлекеттік қарыз туралы кездесуді кейінге шегерді.

Барлық тарап осындай ұйғарымға келген. Бұған дейін келіссөздер жүрмей, тығырыққа тірелген болатын. Қазір мемлекеттік берешек көлемі 31,5 триллион долларға жеткен. Сарапшылар мәселе оңынан шешілмесе, елді келесі айдың басында дефолт қаупі күтіп тұр деп ескертеді. Өйткені бюджеттегі ақша таусылуға жақын. Кезекті жиын алдағы аптада өтеді деген ақпарат бар.

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

- Өкілдер палатасы дефолтты болдырмас үшін жоспар құрып, қабылдап қойды. Біз шығындарды азайттық. Біз экономиканы күшейтумен қатар мемлекеттік қарыздың шекті көлемін де көтеріп отырмыз. Жауапты мерзімге дейін 15-ақ күн қалды. Президент Байден мен сенатор Шумер тығырыққа тіреліп тұр. Олардың бір ойлағаны бар шығар деп пайымдаймын. Президент Байденнің ымыраға келу ниеті жоқ сияқты. Ол дефолт болғанын қалайды. Бірақ біздің мемлекетіміз бұған жол бере алмайды. Республикашылдар жауапкершілікті мойынға ала отырып, тығырықтан шығу жолын іздейді.