Шетелдегі түрік азаматтары сайлауда дауыс бере бастады

Елден тыс жерде тұратын түрік азаматтары бүгіннен бастап президенттік сайлаудың екінші турында дауыс бере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты әлемнің 73 елінде 156 сайлау учаскесі ашылған. Жоғарғы сайлау кеңесінің мәліметінше, республикадан тыс жерлерде 3,6 млн азамат сайлауға қатыса алады. Қазақстандағы түрік азаматтары Түркия елшілігі мен Алматы және Ақтаудағы консулдықтарда сенбі-жексенбі және дүйсенбі күндері сайлауға қатысуына мүмкіндік бар.

Айта кеткен жөн, Түркиядағы жалпыхалықтық сайлау заңына сәйкес шетелдегі сайлау учаскелерінің жәшіктері Анкарада ашылуы тиіс. Осы себепті елден тыс жердегі сайлау алдын-ала ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, елдің барлық шекара бекеттері мен әуежайларында сайлау учаскелері жасақталған.

Айта кетейік, Түркияда президенттік сайлаудың екінші кезеңі 28 мамыр күні өтеді. Онда қазіргі Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған мен Кемал Кылычтароғлұ бақ сынайды. Бірінші турда Ердоған 49,52%, ал Кылычтароғлұ 44,88 % дауыс жинады.