Швейцарияда сал ауруына шалдыққандарға арналған жаңа құрал пайда болды

Швейцарияда сал ауруына шалдыққан адамдар жаңа құрал арқылы аяқтарына нық тұрып, жүріп кетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа аппарат дертіне шипа іздегендерге үлкен көмек болып тұр. Оны кімдер ойлап тапты және тағы қандай артықшылығы бар?

Бұл – Лозанна тұрғыны Герт-Ян Оскам. 12 жыл бұрын велосипедпен жол апатына ұшырап, омыртқасын зақымдаған, сал ауруына шалдығыпты. Жарақаты ауыр, жүре алмай қалған. Қолдарын жартылай қозғалта алады.  Бірақ бүгінгі таңда Оскам жаңа құрылғы арқылы аяғына нық тұрып, балдақпен жүре бастады.

Герт-Ян Оскам, Лозанна тұрғыны:

- 5-10 минут ішінде мен аяқтарымды басқара алатын болдым. Басыма орнатылған ми импланты арқылы омыртқама белгі жететін болды. «Үмітсіз шайтан» дейді. Мен үмітімді үзбей, жылдар бойы жаттығып келемін. Бұл – еңбегімнің  нәтижесі.

«Ми-омыртқа интерфейсі» деген атау алған бұл құрал ми мен жұлынды цифрлық жүйе арқылы байланыстырады. Мамандар аппарат арқылы адам миындағы электродтар омыртқаны ынталандырып, жұлындағы электродтарға сигнал жеткізеді дейді. Жалпақ тілмен айтқанда, адам жүру туралы ойлай бастағанда ми электрлік импульс алып, омыртқаның жұмыс істеуіне ықпал етеді екен.

Оскам 2018 жылы алғаш рет сынақ жұмыстарына қатысып, қажетті жаттығулар жасай бастапты. Ол шамамен 40 сеанстан кейін ғана оңалту жұмыстарын сәтті өтіп, өзі жүре бастаған. Ал жаңа аппараттың жұмысын іске қосу үшін оған 2 ота жасалыпты. 

Грегуар Куртин, Швейцария федералды институтының нейробиологы, профессор:

- Біздің негізгі идеямыз – бұл байланыста цифрлық көпір құру, ми мен жұлынның әлі де зақымдалмаған және аяқтың қозғалысын басқара алатын бөлігі арасындағы электрондық байланысты қалыпқа келіру. Бұл сигнал сымсыз беріледі және компьютер арқылы бақыланады, оны Оскам рюкзакта алып жүреді.

Джоселин Блох, нейрохирург:

- Біз 2 түрлі ота жасаймыз. Бір операция миға жасалады. Ми құрылысына сигналды тіркеу үшін электродтарды енгіземіз. Тағы бір операцияны жұлын деңгейінде жасаймыз, электродтарды жұлынның жоғарғы бөлігінде, аяқтың қозғалысына жауап беретін жерге орналастырамыз. Осылайша, екеуінің арасында байланыс пайда болады. Содан кейін ғана бәрі орнатылған кезде, науқас жаттыға бастайды.

Таяуда жаңа құрылғының зерттеу жұмыстары Nature журналында жарияланды. Аппарат арқылы жаттығу кезінде адам толық жыртылмаған жүйке жасушаларын қалыпқа келтіруге ықпал етеді деп жазылған. Бұл құрал сонымен қатар жылдар бойы зақымдалған жүйке жүйесін қалыпқа келтіріп, жаңа жасушалардың пайда болуына да әсер ететін көрінеді. Ал Оскам алдағы уақытта интерфейс арқылы қысқа қашықтыққа аппаратсыз, тек балдақпен ғана жүре алуына мүмкін алады, - дейді мамандар. Сондай-ақ ғалымдар енді қозғалмай қалған қолдарға да жәрдем жолдарын зерттеп жатыр.

Авторлары: Мақпал Сержанқызы.