Испанияда қуаңшылық қыруар шығын келтірді

Испанияда жүз жыл болмаған қуаңшылық мемлекеттік маңызы бар өткір мәселеге айналды.

Аптап ыстық Каталониядағы жағажайлардың 60 пайызын құрғатып жіберуі мүмкін. Бұл туралы қоршаған ортаны қорғау министрлігі мәлімдеді. Мемлекет оларды сақтап қалу үшін жергілікті қазынадан 5 млн еуродан артық қаражат бөлді. Алайда оның пайдасы шамалы боп тұр.

Испанияда соңғы үш жыл бойы жаңбыр тым аз жауып, су мәселесін ушықтырып жібергені рас. Екі жыл қатарынан жауын шашынның мөлшері әдеттегі нормадан 30 процентке аз түскен. Қуаңшылық - Барселона мен Таррагонадай екі ірі қаланың маңындағы жағажайлардың да  жойылып кету қаупін күшейтіп отыр. Мемлекет оларды сақтап қалу үшін соңғы үш жылда қазынадан 5 млн еуродан артық қаражат бөліп: жаңа бөгет салу, жағажай құмын жаңалау сияқты түрлі әрекет жасап әлек.

Самуель Рейес, Каталониядағы су ресурсы агенттігінің басшысы:

- Су үнемдеуге қатысты қатаң саясатты қабылдауымыз керек. Әсіресе бизнеске қатысты талап күшейсе дейміз. Одан бөлек оңды - солды бассейн салғандарды, әсіресе қонақ үйлерде суды сарқыратып ағызып қойғандарды ірі салық пен жазалау керек деп ойлаймын.

Шілденің шіліңгір ыстығы алдағы тамыз айында қайталанса Испанияның солтүстігіндегі Каталония аймағында құрғақшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялауы мүмкін. Демек аймақтың алты миллионға жуық тұрғыны ауыз суға қатысты жаңа шектеулерге ұшырайды деген сөз. Атап айтқанда, тұрмыстық және коммерциялық мақсатта тіршілік нәрін тұтыну қатаң  бақыланатын болады. Бүгінде бір отбасы тәулігіне 317 литр су тұтынады екен, жаңа шектеулер аясында ол меже 180 литрге дейін қысқармақ.

Клаудия, Таррагона қаласының тұрғыны:

- Қала көшелерінен суды үнемдеуге қатысты ескерту белгілері ілінді. Поштамызға ауыз су қорының азайғаны жайлы ақпарат келіп жатыр. Мемлекет қана емес, қоғамның әр мүшесі бұл жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қазір судың бағасы шыны керек шараптан да асып тұр.

Ұзақ уақыттағы қуаңшылық Испаниядағы 3,5 млн гектар ауылшаруашылық жеріне зор кесірін тигізіп, шаруаларды шаш етектен шығынға батырды. Жергілікті фермерлердің ірі қауымдастығы төрт аймақта бидай мен арпа сияқты дақылдар мүлдем жойылып кету қаупі бар,- деп дабыл қағып отыр. Қапырық ыстық күріш шаруашылығын да айналып өтпеді. Атап өту керек, дәл осы күріш - Испанияда өндірілетін негізгі дәнді дақыл, жалпы өнімнің 40% процентін құрайды. Құрғақшылыққа байланысты биыл күріш өндірісі бір жарым есеге қысқармақ.

Вера Кануто, шаруа.

- Биыл күрішті қоя тұрып, күнбағыс өсіруді қолға алдық. Оның тамыры терең бойлап, күздік және қыстық сумен қоректене алады. Бірақ биылғы қыс пен күзде күн қайнап тұрды. Сондықтан күнбағыс та гүлдемей қала ма деп қорықтық.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Ұзақ уақыттағы қуаңшылық 3,5 млн гектар ауылшаруашылық жеріне зор кесірін тигізіп, шаруалардың қолын жіпсіз байлап отыр. Күннің ыстығынан астық егу, құрғақшылықтан  өнімді күтіп-баптау сияқты қиыншылықты бастан кешкен фермерлер биылғы түсімнің жоспардан төмен жиналатынын айтып әлден шағымдануда. Әрине мұның бәрі дүкен сөрелеріндегі бағаға да әсер етпей қоймайды.