Қазақстандағы реформалар әлемдік БАҚ назарында

Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалыптастырды.

Қазақстандағы саяси реформа мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттырды. Адам құқығын қорғау тетіктерін күшейтуге жол ашты. Осы тұрғыда жазылған Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимованың ағылшын тіліндегі мақаласын  «Азиялық құқықтық порталы» жариялады.

Нұрбек Бекен, тілші:
- «Аsia law portal» - кең байтақ Азия аймағындағы құқықтық тәжірибе туралы ақпарат пен идеяларды жазатын портал. Дүниежүзілік экономикалық форумның блогы мен әлеуметтік медиа платформасы іспеттес. Тұрақты түрде азиялық заң шығарушылардың бірегей ойларын, өзекті құқықтық мәселелерді, технологиялық инновацияларды шығарып тұрады.

Ағылшын тіліндегі осы портал Конституциялық Сот төрағасының мақаласын жариялады. Эльвира Азимова биыл қаңтардың 1-нен бастап іске кіріскен Конституциялық Соттың сегіз айдағы атқарған жұмысы мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жан-жақты түсіндірген.

«Мәселен, тек жыл басынан бері Конституциялық Сотқа 4 мыңға жуық арыз түскен. Демек құқы бұзылған қарапайым халық тікелей сотқа жүгінетін жағдай қалыптасып отыр. Бұл қандай да бір мәселеге тап болған азаматтың заң үстемдігін талап ете алатынын көрсетеді. Мақала авторы өз ойын кез келген белсенді Конституциялық Сотқа жүгіну арқылы заңдылықты нығайтуға азаматтық үлесін қосып келеді, деп түйіндейді».

Нұрбек Бекен, тілші:
- Ал АҚШ-тағы белді басылым «The Washington Times» ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні қарсаңында еліміздің бастамаларына ерекше тоқталды. Газет Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесін атап өткен.

«Қазақстан биологиялық қауіптерге де қарсы тұру үшін ядролық қаруды таратпау саласындағы тәжірибесін қолдануға ұмтылған бірден-бір мемлекет. Тәуелсіздік алғаннан кейін өз аумағында Кеңес үкіметінен қалған биологиялық қаруды жасаудың ауқымды инфрақұрылымын жойды. АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін биоқауіптерге қарсы тұру бойынша тұрақты талқылаулар мен бағдарламаларды жүргізіп келеді», - дейді автор.

Мақала авторы Ричард Вайц - саяси әскери талдау орталығының директоры. Ол Қазақстанның жаппай қырып жойатын қаруды таратпау туралы шешімін жаңашыл, батыл қадам деп сипаттайды.

Авторы: Нұрбек Бекен