Израиль Газа секторын толық қоршауға алды

Израиль ХАМАС-тың Газа секторына соққы беруді жалғастырып жатыр.

Израиль премьер-министрі Газа секторын толық қоршауға алғанын мәлімдеді. Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, Палестина аймағына азық-түлік, жанармай және электр энергиясын жеткізу тоқтатылады. Ал «Рейтер» агенттігінің жазуынша, ХАМАС тарапы Израильмен бітімгершілік мәселесін талқылауға дайын.

Айта кетерлігі, шабуыл кезінде 687 палестиналық қаза тапты. Тағы 3700 тұрғын жарақаттанды. Ал Израильде оққа ұшқандар саны 900-ден асты, 2,5 мыңнан астам тұрғын әр түрлі деңгейде жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар 130-ға жуық израильдік тұтқынға алынды. «ХАМАС» ресми өкілі бейбіт тұрғындарға зымыран соққысы жасалған жағдайда кепілге алғандар өлім жазасына кесіледі дейді. Алайда жергілікті БАҚ Газа секторына соққы жасау жалғасатынын жазып жатыр.