Мысырда қоқыс қалдықтарынан жасалған қолөнер бұйымдары әзірленіп жатыр

Мысырда балалар қоқыс қалдықтары мен қайта өңделген өнімнен қолөнер бұйымдарын әзірлейді, деп хабарлайды 24KZ.

Көркем туындыларға, әсіресе Рамазан айында сұраныс артқан. Өйткені әшекейлер дүкен сөрелеріне сатылымға шығыпты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл бастама балаларды рухани әрі шығармашылық тұрғыда дамытып, Табиғат-Анаға жанашыр болуға үйретеді.

Бұл – 9 жасар Рагаб Адам. Шығармашылыққа бала күнінен әуес ол қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымын жасауды үйрететін шеберлік сыныптарында тәлім алып жүр. Рамазан айы басталғалы Рагаб қораптан түрлі жарықшамдар жасап, айналасын безендіріп қойған.

Адам Рагаб, жергілікті тұрғын:

- Біз мұнда қораптан шамдар жасауды үйрендік. Сондай-ақ пластиктен өсімдікті отырғызатын құты қырқу әдісімен таныстым. Маған қолөнер қатты ұнайды.

Экологиялық жоба 8 жыл бұрын қолға алыныпты. Оған жергілікті «Адам дамуы қауымдастығы» мұрындық болған. Содан бері тұрғындар қоқыс қалдықтарын себепсіз лақтырмайды. Тұтынған тауар қораптарын жинақтап, кәдеге жарамды өнімдерді қайта өмірге әкеледі. Кейін бұл бұйымдар жоба аясында ашылған «Қалдықтар дүкеніне» жол тартады.

Имад Хасан Анвар, Адам дамуы қауымдастығының негізін қалаушы:

- Қоқыс дүкені 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдымен қалдықтарды жинаймыз, қайта өңдейміз және қайта өңделген өнімдерді сатылымға шығарамыз. Ал балаларға шеберлік сабақтарында осы процестің барлығы қалай жүргізілетінін көрсетеміз. Бастысы, бұл жоба ешқандай шығынды қажет етпейді. Балаларды кішкентайынан қоршаған ортаны қалдықтардан қорғап, бос уақытын тиімді өткізуге баулиды.

Қолөнер туындыларынан Палестина халқына тиесілі белгілер айқын аңғарылады. Жоба авторының сөзінше, бұл өнімдер қақтығыстан зардап шеккен халықты қолдауға бағытталған.

Имад Хасан Анвар, Адам дамуы қауымдастығының негізін қалаушы:

- Біз Палестина туы бар дәстүрлі шамдар немесе жарты ай секілді Рамазан бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабақтарын бастадық. Палестиналықтарды осылай ғана қолдау қолымыздан келеді. Бұл біздің міндетіміз деп білемін.

Қасиетті айда қолөнер туындыларын жасауға ел аумағынан мыңдаған бала қатысқан. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта олардың қатарын арттырып, бұйымдарды үлкен нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.