Балтимордағы апат АҚШ экономикасына әсер етті

АҚШ-тың шығысындағы Мэриленд штатында болған апатты жағдай ел экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Талай жылдан бері тауар тасымалының күре тамырына айналған су жолы жабылып, салдарынан мәселе күрделене түсті. Балтимор –  импорт пен экспорт үшін маңызды және Америкадағы автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасы ең көп тасымалданатын порт.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Балтимордағы Френсис Скотт Ки көпірінің бағанасына жүк кемесі соғылып, көпір құлап, адамдар зардап шеккен еді.

Апат орын алған Балтимор портының айналасындағы теңіз қозғалысы тоқтап, дамылсыз табыс тасымалының даңғылы уақытша жабылды.  Потапско өзені көпір сынықтарынан әлі толық тазартылмаған. Әзірге каналдың кішкентай бөлігі тек құтқару кемелері үшін ғана ашылды. Ірі сауда кемелерінің өтуіне жол жоқ. Жергілікті қазынаға сағат сайын пайда әкеп тұрған порт жұмысының тоқтауы салдарынан енді сан түрлі сала шығынға ұшырайды. 2023 жылы Балтимор порты арқылы құны 80 миллиардтан астам 52,3 млн тонна шетелдік жүк өткен. Болжам бойынша су порты бір айға жабылса, штат бюджеті 28 миллион доллар пайдадан қағылады.

Уэс Мур, Мэриленд штатының губернаторы:

- Апат тек Мэриленд штатына емес, жалпы ел экономикасына үлкен соққы болды. Себебі порт елдегі кез келген басқа порттарға қарағанда ауыл шаруашылығы техникалары мен автокөліктерді айтарлықтай көп тасымалдаумен айналысады. Бұл жағдай порттағы 8 мың жұмысшыға да кері әсерін тигізіп жатыр. Бүкіл экономика Балтимор портына тәуелді, ал порттың жұмысы кеме қатынасына тәуелді.

Балтимор портынан былтыр 850 мың жеңіл автокөлік пен ауыр жүк көлігі тасымалданған. Енді апат салдарынан құрылыс техникалары, көмір, қант, дәрі-дәрмек, басқа да тауар тасымалы бірнеше айға кешігуі мүмкін. IMPLAN экономикалық талдау компаниясының болжамы бойынша, көпірді қайта қалпына келтіру құны – 600 миллион доллар. Ал жергілікті тұрғындар мұндай апат пен шығынның алдын алуға болар еді деген пікірде. Көпшілік кеме қозғалысы мен көпірлердің инфрақұрылымдық қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтынын ашық айтып отыр.

Пэррис Рэй, жергілікті тұрғын:

- Мен көпірден апат болардан бір сағат бұрын ғана өткенмін. Төбемнен жай түскендей болдым. Бұл мен үшін шок болды. Көпірдің соншама жылдам құлауы, оның әуелден-ақ талапқа сай болмағанын көрсетеді. Апат адам өліміне әкелгені өкінішті.

Джанель Браун, жергілікті тұрғын:

- Қоғамның сан саласы бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, бұл бәріне әсер етері сөзсіз және оның кері әсері ұзақ уақытқа ұласуы мүмкін. Бұл – жергілікті биліктің ғана емес, елдегі жалпы инфрақұрылымның басты мәселесінің бірі. Осы жағдайға қатысты компанияның басқа да қайықтардың қауіпсіздігіне байланысты арыз-шағымдарға көз жұма қарағанын естідім. Көптеген компания қауіпсіздік мәселесін елемейді және жұмысшылар тарапынан айтылған сын үшін оларға сөгіс береді. Оның арты осындай жағдайларға алып келеді.

Белгілі болғандай, «Дали» контейнерлік кемесі көпірге соғылуға бірер минут қалғанда ғана дабыл қаққан. Апат салдарынан ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын, жыл сайын шамамен 11,5 миллион көлік өтетін көпір су түбіне кетті. Балтимор портындағы жүк тасымалының тоқтауынан экономистер  тұрғындар енді азық-түлік, бензин және басқа да тауарлар бағасына инфляциялық қысымды сезінеді деп болжап отыр.

Авторы: Айжан Сыдықова.