Су тасқыны... бірақ судан келер қауіп көп

Әлем елдерінде де толассыз жауын-шашын мен тасқын толастар емес.

Соның салдарынан, бірқатар елде ауру тарап жатыр. Мәселен, Ресейде ішек ауруларына шағымданған тұрғындар көп.+

Иә, дәрігелердің айтуынша, науқастардың дені крандағы лас суды тұтынған.   

Орынборда су деңгейі 10 метрден асты

Ресейдің Орынбор облысында тасқын қаупі сейілер емес. Өзен суының деңгейі 10 метрден асты.

Жалпы облыс бойынша 13 мыңнан астам үй, 16 емдеу мекемесі мен 15 мыңға жуық жер алқабына су кірген. Транформаторлық қосалқы станцияларды су басуына байланысты 4 елді мекенде ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Өйткені, тұрғындар арасында ішек аурулары тараған.

Осыған байланысты, Орск қаласында эвакуацияланған тұрғындарды А гепатитіне қарсы вакциналау жұмысы басталды. Себебі тасқын кезінде аталған вирусты жұқтыру қаупі бірнеше есе артады дейді мамандар. Олардың айтуынша, инфекция лас су арқылы таралады екен. Осыған байланысты қарғын су кезінде аурудың кеңінен етек жаймауы үшін суға қосылатын арнайы реагенттер дозасын ұлғайтқан.

Татьяна Савинова, Орынбор облысының денсаулық сақтау министрі:

- Аймақта ішек ауруларының таралу қаупі өте жоғары. Оған уақытша орналастыру пункттеріндегі адам санының көптігі, судың ластығы себеп. Сондықтан біз халыққа жаппай екпе егу науқанын бастадық. Бірінші кезекте вакцина балалар мен жастарға салынады.

Пәкістанда жылан қаптауы мүмкін

Пәкістанда толассыз жауын-шашын салдарынан, жылан қаптауы мүмкін.

Жергілікті, әсіресе ауылдық жерлердің дәрігерлері осылай деп дабыл қағып отыр. Былтыр 134 адамды, 2022 жылы 262 адамды жылан шаққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын Пәкістанда 40 мың адамды жылан шағып, оның 8 мыңнан астамы көз жұмады. Оған себеп, кейінгі жылдары су тасқынының жиілеп кетуі.

Мәселен, былтыр тамызда Пәкістанның Пенджаб провинциясындағы Сатледж өзені муссондық жаңбыр салдарынан арнасынан асып, алапат су тасқыны болған еді. Табиғи апат 8 миллион адамды бостырып жіберді. Халық зардабын әлі күнге дейін тартып отыр. Ресми ақпар жоқ, бірақ, жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, былтыр тасқын болғанға дейін де, кейін де жер бетіне шыққан жыландардың санында шек болмаған.

Шахид Сукаира, дәрігер:

- Жыландардың түріне байланысты, ауру түрлері де әртүрлі болады. Мәселен, крайт, мамба, кобра шаққан кезде – ұйқышылдық, сөйлеудің бұзылуы, асқазан ауруларына шалдығады. Сондай-ақ, науқастың тыныс алуы қиындайды.

АҚШ-тың бірнеше штатын су басты

АҚШ-тағы 50 штаттың бесеуінде – Огайо, Пенсильвания, Кентукки, Алабама және Теннеси штаттарындағы көп мекенді су басып жатыр.

Батыс Вирджиния штатында Огайо өзені арнасынан асып, су деңгейі кейінгі 20 жылда болмаған рекордтық межеге жетті.

Сондай-ақ, Колорадо штатында жойқын құйын соғып, Денвер қаласындағы жүздеген үйге зақым келген. 150 мыңнан астам нысанда электр қуаты жоқ.

Алекс Десрозье, Колорадо университетінің профессоры:

- Биылғы климат өзгерісі шынымен де назар аударарлық дүние. Бұл Атлант мұхитындағы теңіз бетінің рекордтық жоғары температурасы. Дауылдар осы мұхит үстіндегі атмосфераның әсерінен болады. Эль-Ниньодан Ла Ниньяға көшеміз деп отырмыз. Бұл жағдай одан сайын ушығады деген сөз.