Теңіз маржандары жойылып барады

Қауіпті бөгелектердің мекендеу ортасы кеңейіп жатыр.

Британиялық ғалымдар бұған климат өзгерісі себеп дейді. Негізі бүгелектердің отаны Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия. Бірақ кейінгі жылдары олар АҚШ пен Еуропаға белсенді түрде ауа бастаған. Экологтар мен шаруалар бұған қатты алаңдаулы.  

Томас О'ши, Эксетер университетінің ғылыми қызметкері:

"Азиялық бөгелектер ара өсірушілерге үлкен қиындық әкеліп отыр. Бұл жыртқыш жәндіктер бір мезетте бірнеше омартаға шабуыл жасауда. Қауіпті үдеріс кейінгі кездері әдетке айналып барады."

Британиялық ғалымдар бүгелектерді ұстау үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінген. Бұл үшін арнайы алгоритм жасалды. 

Томас О'ши, Эксетер университетінің ғылыми қызметкері:

"Бүгелектерді станцияға қарай тарту үшін тұзақ ретінде жемістер қолданылады. Назарға бүгелек іліккен бетте жасанды интеллект алгоритмі іске қосылады. Нейрожүйе бүгелекті айнытпай танып, ескерту жібереді."

Аптап ыстық Танзаниядағы кофе өнімділігіне кесірін тигізіп жатыр. Мамандар келеңсіздікке қарсы амал қарастырып әлек. Шаруалар әр өсімдікке арнайы электродтар бекітіп, өсімдіктегі ылғалдың мөлшері және паразиттердің бар-жоқтығы туралы мәлімет алуға қол жеткізді. Құрылғылар күн энергиясымен жұмыс істейді.

Массимо Батталья, зерттеу тобының жетекшісі:

"Бұл құрылғыларды плантацияда алғаш рет қолдануға кірістік. Біз негізі жүзім мен зәйтүн өсіруге маманданған едік. Бұл кофе шаруашылығындағы алғашқы тәжірибеміз. Қолайлы жағдайда кофе дақылының пісуіне 8 ай керек. Бірақ ыстыққа байланысты бұл мерзім қысқарып, жеткіліксіз болып қалып жатыр."

Анджело Фьенга, оңтайлы шешімдер компаниясының директоры:

"Кофе фермаларына бекітілген құрылғылар өсімдік пен қоршаған ортаның ахуалын бақылайды. Бұл жасанды интеллектіге негізделген жүйе. Ол өсімдіктегі ылғал деңгейін есептеп отырады. Осыған қарап, суару керектігін анықтауға болады.

Австралияда теңіз маржандары түсін жоғалтып, жаппай жойылып жатыр. Бұған судың жылынуы себеп. Мамандар маржандардың жағдайын зерттеп білу үшін арнайы дрон жасады. Ол теңіз табанындағы маржандарды суретке түсіріп, мәлімет өңдеу базасына жібереді.

Мелани Олсен, зерттеуші:

"Біз Австралия суларындағы экожүйенің жағдайын білу үшін үнемі зерттеулер жүргізіп келеміз. Әдетте бұл іске дайверлер тартылатын. Бірақ тым тереңге дейін бара алмайды. Сондықтан озық технологияны пайдалануды үйрендік. Осылайша қажетті ақпаратты жинап, кәдемізге жаратып жатырмыз." 

Кейінгі 10 жылда теңіз маржандарының тіршілік ету аумағы 12 мың шаршы метрге қысқарған. Ғалымдар 2050 жылға қарай теңіз маржандарының 90 пайызы құруы мүмкін дейді. Сондықтан қазір жаңаша жұмыс істейтін әдіс-тәсілдер ауадай қажет.