Қай ел балаға қанша ақша жұмсайды?

Әлем елдері баланы ақша ұстауға мектеп жасынан үйретеді. Мәселен, Ұлыбританияда 2014 жылдан бері міндетті пән ретінде оқытылып келеді.

АҚШ, Германия, Жапония да қаржылық сауаттылықа қаршадайынан көңіл бөледі.

Мектепте оқыту бір бөлек, бұл елдердің кішкентайдың ақша жұмсауын қадағалайтын заңы да қалыптасқан.

Дүниежүзілік экономикалық форум дерегі бойынша, әлем халқының 33 пайызы ғана қаражатын дұрыс пайдаланады. Бұл байлық және кедейлік секілді кереғар екі ұғыммен байланысты. 

Балалар 12 жастан ақша табады

“Жұрттың баласы пысық…” Бұл сөз, америкалықтарға айтылған-ау, сірә... 

Бұл елдің жеткіншектері 12 жастан бастап нан табудың қамына кіріседі. Газет таратады, біреудің баласын бағады, тіпті театрда қосымша рөлдерде ойнайды. Ал 14 жастан бастап сатушы, еден жуушы болып жұмыс істейді.

Егер орта есеппен жылына 4 мың доллар тапса, мемлекетке салық төлеуге тиіс. Ал мектептерінде оқушының белсенділігі үшін, ойыншық ақшалар төленеді. Бұл, мектеп бағдарламасындағы classroom cash, яғни онлайн әмиянға сақталып жинала береді. Бұдан түскен бонустарды бала қайда жаратам десе өзі біледі. Оған тәттілер, ойыншықтар, мектеп құралдарын ала ма әлде бос уақытында компьютерлік ойындар ойнай ма, оны да өзі шешеді.

Қаржылық сауаттылықты балалардың санасына сіңіру, бұл оның ересек шағында өз-өзін қамтамасыз ететін капитал іспетті. Ақшаны дұрыс жұмсаудың әуелгі қадамдарын 6 жасынан бастап үйрету керек. Себебі, олар мектепте математика пәнін өтетіндіктен, есеп-қисаптан хабары болады – дейді, халықаралық қаржыны басқару ұйымының өкілі Эрик Ландольт.

Немістер ақшаға сараң

Ал тәртіп сүйгіш немістер балаға оңды-солды ақша жұмсатқызбайды. Заң солай. Мәселен, ата-аналар балаларына, 4-5 жасында аптасына – 0.5 евродан береді, бұл біздің теңгеге шаққанда 300 теңгедей. Ал 10-11 жаста айына – 13,6, 16-17 жаста – 45 еуродан беріп отырады. Бұл біздің ақшамен 23 мың теңгедей. Бұл бір айға беретіні. Осы арқылы балалар, қаражатты өзінің керек-жарағына үнемдеп жұмсауды үйренеді. Әрі мектеп этикасын сақтайды. Бай мен кедейдің баласы арасында алшақтық болмайды.

Ақшаның қайдан келіп, қайда кететінінен балалардың хабардар болуы маңызды. Ал оның маңыздылығын үйрететін замануи методикалар көп болуы керек. Себебі, бұл маңызды жайт. Баланың жасына сай түрлі әдіс-тәсілдерін қалыптастыру керек – дейді қаржы маманы Сьюзан Хиршман.

Швеция мен Швейцарияның да тәртібі осындай. Ал түріктер мен қытайлар әр мереке сайын балаларының қалтасын толтырып қояды. Оны қатаң түрде бақыламайды да. Бастысы бала қуанса болды дейді. Жапондықтар да балаға ақша сыйлайды. Бірақ, талабы бар. Ол ақшаға бала дүкеннен барып, ойыншық не қалаған тәттісін ала алмайды.

Жапон балалары ақшасын банкте ұстайды

“Егер, қолыңызда 1 миллион йен болса қайда жаратасыз?” Жо-жоқ, бұл сұрақ сізге емес.

Бұл жапон мектептерінде оқытылатын пәннің атауы. Бұл елдің мектептерінде оқушыларға арнайы дәптерлер беріледі. Оған оқушылар күнделікті шығынын жазады. Жалпы, дүкендегі кез келген тауардың бағасы мен оның сапасын жапондық балалар 6-7 жасында оңай ажырата білуі тиіс. Оларды қаржылық сауаттылыққа жастайынан үйде ата-ана, мектепте ұстаздары баулиды. Өйткені Мемлекеттік заң соны талап етеді.

Заман озған сайын, адамның қажеттіліктері де көбейеді. Сондықтан, кез келген адам, тапқанын босқа шашпай, орнымен жұмсай білсе, жаһандық проблемаға айналған кедейлік мәселесі болмас еді. Сондықтан, оны әр бала қаршадайынан біліп өскені керек.

Фариза Жанғанаева, 24.KZ