Елордадағы «Жастар» театрының жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылды

Бүгін премьера. Ерекше актерлар сомдайтын «Қанаттылар» қойылымы көпшілікке жол тартпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ғашықтың тілі тілсіз тіл». Абай атамыздың бұл сөзі «Қанаттылар» қойылымына дем беретіндей. Басты кейіпкерді сомдайтын Малика Мұқтарова арбадағы бимен айналысады. Әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген ару енді театрда да өнер көрсететін болады. Оған жарасады екен. Айтпақшы, қойылымдағы оқиға желісі де осы актрисаның өмірінен алынған.

Малика Мұқтарова, театр актеры:

– Сахнада ойнаған кезде кішкене қобалжимын. Өйткені ол менің өмірімде болған оқиға. Қызықты сәттер болады, көзі көрмейтін адамдар сөйлей алады. Бірақ естімейтін балалармен ыммен сөйлесеміз. Бірақ қиындық болған жоқ.  

Инклюзивті театр Жастар театрының жанынан құрылды. Ерекше жандар мұндай мүмкіндіктің туғанына дән риза. Өйткені олардың тағдыры, өмірге деген құштарлығы күйбең тірліктен қажыған көпшілікке ой салып, қанат бітірері хақ.

Нұрфат Вахитов, «Жастар» театрының режиссері:

– «Қанаттылар» деп алған себебіміз, ерекше жандардың жүректері, көңілдері ерекше соғып тұратын сияқты. Олар да ән айтады, олар да би билейді. Олардың да өнерге деген құштарлығы зор. Біз материалды алған кезде соларға байланысты болсын деп алған болатынбыз. «Қанаттылардың» негізгі лейтмотивін жазған Гүлнәр Салықбай деген апайымыз.

Арнұр Ысқақовқа мұндай театр құру идеясы 2018 жылы келген. Табанды еңбектің нәтижесінде бүгін Қазақстандағы алғашқы инклюзивті театр көрерменге жол тартады.

Арнұр Ысқақов, «Қанаттылар» театрының жетекшісі:

– Біздің театрдың ерекшелігі – біз барлық топтағы мүгедек жастармен жұмыс жасаймыз. Яғни ДЦП болсын, даун болсын, тек қана қабілеті болса, олардың театрға қабілетін режиссер айқындайды. Талабына сай келсе, біз аламыз. Бірақ бізге бөлінген штатқа байланысты қысқартып отырмыз.

Театр басшылығы еліміздегі өнер ордаларынан ерекше жандарға арналған кафедра ашуды сұрайды. «Қанаттылар» қойылымына 20 адам қатысады. Олардың ешқайсысы кәсіби актер емес. Бірақ көрерменнің көңілінен шығу үшін барын салып жатыр. Олар сіздерді елордадағы «Жастар» театрында күтетін болады.

Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров