Netflix-тен «Қазақфильмнің» туындыларын көруіміз мүмкін

zvezdagukovo.ru

Отандық киноға жауапты мекеменің басшылығы америкалық компаниямен келіссөз жүргізілгенін айтты.

Асыл азаттығымызға қол жеткізген күннен бері «Қазақфильм» 600-ден астам туындыны жарыққа шығарған, деп хабарлайды Хабар 24.

Ел егемендік алған соң ұлт шежіресі ұрда-жық саясаттан ада еркін жазылды. Тарихты жаңғыртатын бір дүние болса ол – кино. Бұл салада көшіміз ілгері демейміз, десек те, атап айтарлық туынды баршылық.

Алысқа бармайық бір ғана «Томиристің» өзі қазақ киносының әлемге даңқын асырды. «Томирис» әрісі Америка, берісі Түркияда 250 рет көрсетілген. Бұл сұраныстың тым көп болғанын білдіреді. Біздің фильмді 8 ел сатып алған. Өз тіліне аударған. Бір ғана тарихи картинамен қанша халық өткенімізге куә болды. Жалпы, қазір тарихымызды, ұлтымыздың асылдарын айшықтайтын туындылар басымдыққа ие.

Айдархан Әділбаев, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті:

- Биыл бізде «Мұқағали» фильмі, Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі жарыққа шықты. «Қасымхан» да бар. Жабық көрсетілімі болған. Бірақ прокатқа келесі жылдың наурызында шығады. Қазіргі таңда 5 шақты қысқаметражды жастар фильмі түсірілді. Сосын «Алтын адам» анимациялық мультфильмі түсіріліп жатыр. Жоспарда бір-екі тарихи фильм бар. Оны қазір айта алмаймын. Ол қазір талқыланып жатыр. Егер қолдау табылса, оны жылдың басында жариялаймыз.

Оның орны толар. Әйтпесе қазақтың киносын «комедия басып кетті, режиссер, актерлер арзан күлкіден аса алмай қалды» деген сын жиі айтылатын.

Болат Әбділманов, актер:

- Бұрынғы 70 жыл қолдан жасаған тарихымызды қазір қайтадан саралап, тамырына үңіліп, бүгінгі күнмен астасатындай қазақтың рухын көтеретін, қазақ деген ұлттың бүкіл әлемде ойып тұрып орын алатын өзінің тарихи сахнасына шығару керек деп ойлаймын. Және сол тұрғыда жалпы қазақ мемлекетінің өсіп-өркендеуі, қазақ ұлтының ұлттық дәстүрлеріне, ұлттық нақыштарына қарай бой алдыру керек деп ойлаймын. Еуропаға еліктеп кино түсіру оларға қызық емес. Әр ұлт өзінің ерекшелігімен келгенде ғана бүкіл әлем соған назар аударады.

Ноян Жүнісов, ҚР МСМ мәдениет комитеті кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы:

- 2020 жылы сияқты, биыл да кинотеатрлар шектеумен жұмыс істеді. Көрермен залдың тек 30, көп дегенде 50 процентінде ғана отыруы керек. Бұл дегеніміз биыл да көрсетілім азайды дегенді білдіреді. Жоғарыда естідіңіз, келесі жылы жақсы туындылар жарыққа шығады. Себебі киноны қолдауға мемлекеттен бөлінетін қаржы қомақты. «Қазақфильмнің» бір жылдық бюджеті 3 миллиард теңгеге жетіп жығылады.

Айдархан Әділбаев, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті:

- Жақында ғана Ташкентте болдым. Сол жерде «Тәжікфильмнің» директорлары болған, «Молдовафильм», «Қырғызфильм», оларға осындай ақша бөлінбейді. Бізге ақша да бөлініп жатыр, жағдай да жасалып жатыр.

Қолдау жақсы болған соң «Қазақфильм» Netflix-ке бірқатар жобаны ұсынған. Қазір америкалық компания біздің фильмдерді қарап жатыр. Бәрі сәтті болса, келесі жылы «Қазақфильмнің» туындыларын Netflix-тен көретін мүмкіндік туады.

Қорған Қонысбайұлы