EL ARNA телеарнасына 5 жыл толды

«Хабар» Агенттігінің құрамындағы «Ел арна» телеарнасының ашылғанына бүгін 5 жыл толды. Осы уақыт ішінде көрермен назарына жүздеген фильм мен түрлі бағыттағы бағдарламалар ұсынылды. Жаңа маусымда арна эфирі қызықты жобалармен толығады.

EL ARNA тәулігіне 24 сағат бойы көркем фильмдер мен деректі жобалар көрсететін еліміздегі алғашқы арна. Кестеде отандық туындылармен қатар түркі әлемі мен Орталық Азия мемлекеттерінің "Алтын қорында" сақталған ленталар бар. Оған қоса арнаның шығармашылық тобы жыл сайын қысқа метражды фильмдер түсіріп, көрермен назарына паш етіп отыр.

Әсел Игісінова, EL ARNA телеарнасының режиссері:

- 5 жылда біздің арна телевизия нарығында өз орнын тапты десек артық айтпаймыз. Басында біз тарихи фильмдерді көрсетумен шектелсек, бүгінде өзіміз қысқа метражды киноны түсіруді қолға алдық. Жылына 1-2 туындыны эфирге шығарамыз. Сондай-ақ спектакльдер мен театрдағы қойылымдарды түсіріп, қалың көрермен назарына ұсынып жатырмыз. 

Күн сайын арнаның эфирінен өнер саласында еңбек етіп жүрген тұлғалармен кездесулер, кинопоэзия мен кадрдан тыс қалған дүниелерді тамашалауға болады. Сонымен қатар арна өз көрерменіне мұрағаттағы беймәлім деректермен танысу мүмкіндігін береді. Жақын арада бағдарламалар тізімі тағы да кеңейтіледі. Эфирге жаңа 17 жобаны шығару жоспарда бар.

Нұржан Асхатұлы, EL ARNA телеарнасының продюсері: 

- Биылғы маусымда қатарымызға жаңа бағдарламалар қосылуда. Ішінде географиялық, философиялық, әртүрлі сапарларды ұсынамыз. Оның ішінде танымдық бағдарламалар бар. Өнерден де кинодан, медицина болсын, білім болсын, барлық салаларды қамтыған бағдарламалар біздің экранымызға шығады осы маусымда. 

«Ел арна» Шәкен Айманов атындағы киностудиямен тікелей жұмыс істейді. Мұнда түсірілген кинотуындыларды арнаның эфирінен көруге болады. Танымал жеке режиссерлармен де келісімдер жасалған. Олардың түрлі халықаралық фестивальге ұсынған фильмдерін «Ел арнадан» тамашалауға мүмкіндік бар.

Айта кетерлігі, арнаның өзі 5-6 кинофестиваліне серістес болып, ұйымдастыруға атсалысқан.

Дариға Ташенова, Нұрғали Мамырбаев