Шығыстағы шебердің арманы – жастарға ұлттық өнерге баулу

Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласының тұрғыны Бауыржан Хамитов үшін домбыра жасау – ұсталық қана емес, шабыт пен еңбектің үйлесім тапқан көрінісі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Елдің қадір-қасиетін, қайғы-қуанышын бойына сіңірген киелі аспап. Ал оған қоңыр үнді қос ішек тағып, шанағынан күй төктіру – нағыз шебердің ісі. Бабалар ізін жалғап, шеберханада шәкірт тәрбиелегелі 30 жыл болған. Алтай ауданының тұрғыны Бауыржан Хамитов Серебрянск шаһарына 80 жылдардың ортасында кинотехникумның арнайы бағытымен келген. Ол кезде жас Бауыржанды өңірде ешкімнің қазақша сөйлемейтіні таңғалдырған. Алайда Егемендік алғаннан кейін ана тілі қамы үшін «Қазақ тілі» қоғамын құрады. Кейіннен алғашқы қазақ мектебінің негізін қалайды.

Бауыржан Хамитов, Серебрянск қаласының тұрғыны:

– Бір 20 шақты, 25 шақты бала жинадық, қыс ішінде жүгіріп жүрсек те. Ал енді сентябрь айында оқуға келгенде ішінен 5-ақ бала шықты. Әлгі қорқып, болашағы жоқ деп. 

Сол 5 бүлдіршін Серебрянск қазақ мектебінің алғашқы толқыны болды. Ішінде Бауыржан Хамитовтің өз ұлы да бар. Бүгінде тарыдай боп кірген балақай таудай болып шығып, теміржол саласында еңбек етеді. Әкесіне қолғанат болып, бірге домбыра жасайды.

Бауыржан Хамитов, домбыра шебері:

Жастарды тарту керек болды. Қазақшылыққа үйретейік, тартайық, концерттік бағдарлама істейік. Енді халықты жинасақ, жастарды, жастар бар, домбыра ойнайтын жастар бар екен, бірақ домбыра жоқ.

Содан Бауыржан аға өз қолымен аспап жасауға көшеді. Ұстаз түгілі домбыраның өзі сирек кездесетін заманда өз бетімен оның құрылысын зерттей бастайды. Қаладағы жалғыз домбыраны үлгі етіп алып, қайыңнан нобайын жасап шығарады. Содан бері шеберханадағы еңбек үні қайыңнан жасалатын домбыраның күмбірімен астасып келеді.

Ұстаның тырнақ алды туындылары мектепке, қала берді туған-туысқан, дос-жаранға тарту етілген. Мысалы, жиені Кәусардың қолындағы домбыраның шанағынан ширек ғасыр бойы күй төгіліп келеді.

Кәусар Құзархан, оқушы:

Бұл домбыраны менің Бауржан атам біздің отбасымызға жасап берген. Бұл домбыраның тарихына 25 жыл болды. Бұл домбыра ағама сыйлыққа тартылған. Ол домбыраны мен әлі ұстап келе жатырмын.    

Тек Кәусар ғана емес, мектеп оркестрінің тең жартысы Бауыржан ұстаның қолынан шыққан домбырамен өнер көрсетеді.

Қайнигүл Тұрғанова, мектеп директоры:

– Біздің мектепте «Домбыра» және «Сайра, бұлбұл!» деген үйірме жұмыс істейді. Соның домбыраларының көбі бізге мектепке 25 жыл болғанда, сонда Бауржан аға сыйлаған. Сол домбыралармен біз қолданып жүреміз.

Бауыржан шебер жасаған домбыраның үні де әсерлі. Оны осы өлкеге белгілі сыншы Сәтбек Жүнісов те растап отыр.

Сәтбек Жүнісов, сыншы:

Өте әдемі домбыра! Қол еңбек міне, қандай ою-өрнегі?! Мен өзім енді оған өте жоғары баға берер едім. Бұл енді бұндай өнерде алып жүрген адамдарды мыңнан бір, жүзден бір десе, артық болмайды!

Ал ең бастысы Бауыржан Хамитов өз мұратына жетті. Бүгінде қалада Серебрянск қаласында қазақ мектебі бар. Балалар да салт-дәстүрден кенде емес. Домбыраның құлағында ойнайды. Ана тілінде сайрап тұр.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабаханов