Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінің премьерасы өтті

Түркістан музыкалық драма театрында «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінің премьерасы болды. Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектаклін белгілі ресейлік балетмейстер, театр режиссері Константин Семенов сахналады. Пластикалық спектаклдің басқа қойылымдардан ерекшелегі қандай? Кімдер ойнайды?

Түркі халықтарына ортақ рухани абыз, ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата дүниеге келерде жер-дүние алай-дүлей болып, адамзатты қорқыныш билейді. Ал ол туғаннан кейін жер бетін қуаныш кернейді. Пластикалық спектакльдің өн бойында ақ пен қара, қайғы мен қуаныш, зұлымдық пен мейірім үздіксіз арпалысқа түсіп, дүниенің жалған, тек ізгілік қана мәңгілік екенін әртістер түрлі қимыл-қозғалыс, әрекет арқылы түсіндіруге тырысады. Қорқыт пен жер бетін араздыққа айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. 

Таңшолпан Сәлембай, қала тұрғыны:

- Біз бір-біріне ұқсас қойылымдарды көп көреміз. Ал бұл декларациясынан 3Д форматта қатты ұнады. Бұрынғы өзіміздің тасқа таңбаланғаннан бастап, адамның пайда болуы, жаңғыруы бәрі керемет.

Зәуре Оралбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Тәкаппарлықтан да сен ештеңе таппайсың, бұның барлығы жалған. Бұл дүниені ешкім еншілеген емес. Сондай бір ой түйдім. Үнсіздікпен қабылдап отырғанның өзі былай ауыр болғанымен сенің тұңғиықта, ойыңда жатқан дүниені сыртқа шығаратын сияқты. Мен солай қабылдадым. Өте керемет. Әсерім күшті.

Қойылымда рольдерді кәсіби балет әртістері Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Ақылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайховтар ойнайды. Ал спектакльді белгілі ресейлік театр-режиссері, балетмейстер Константин Семенов қойды. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев қойылымға Қорқыт бабамыздың күйлерін пайдаланған. Театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова жаңа қойылым арқылы барлық шеберлігіміз бен мүмкіндігімізді көрсетуге тырстық дейді. 

Айнұр Көпбасарова, театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі:

- Біз эксперименттік театр болғандықтан біз осы саланың маманын арнайы шақырдық. Адамның ішкі жан-дүниесін дененің қимылы арқылы, эмоция арқылы, көз, есту арқылы беріледі. Әрине бұл жаңа дүние, тың дүние әркімнің қабылдауы әртүрлі болуы мүмкін. Көрерменнің өзінің қырағы көзіне, ұшқыр ойына байланысты.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте», «Махаббат мұнарасы», «Фариза» атты қойылымдарды сахналады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш