Қазақстандық «Схема» фильмі Пусанда көрсетілді

Пусан кинофестивалінде қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтың «Схема» фильмінің көрсетілімі сәтті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Картина ең қызықты 30 фильм енген «Азия киносына терезе» бағдарламасында ұсынылды. Кореялық «KИ-БИ-ЭС» арнасының сарапшысы режиссер Шәріпов балалар проблемасын көтергенін айтты. Ал «Дэйли-эн» басылымы қазақстандық фильм көрерменді өзіне баурап алады деп жазды. Естеріңізге сала кетейін, «Схема» биыл Берлин кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Фильмде жеткіншектерді пайдалану, нашақорлық пен маскүнемдік мәселелері көрсетілген. Басты актерлер, Виктория Романова мен Тайыр Свинцов үшін бұл кинодағы дебют болды. Қазақстанда «Схема» осы жылдың сәуір айында жарыққа шықты. Фильм бірнеше кинотеатрларда ғана көрсетілді.

Фархат Шәріпов, кинорежиссер:

Егер күрделі және әлеуметтік бағыттағы тақырып болса, әрине, оның аудиториясы шектеулі болады. Ел ішіндегі дистрибуция қайта құрылып, бізге есігін ашқанын қалаймыз. Ал әзірге Голливудпен бәсекелесу бізге өте қиын. Өйткені олар алдыңғы қатарда, ал Қазақстан фильмдері соңында тұр.