Астанада «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдер фестивалі өтіп жатыр

Елордада халықаралық «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдер кинофестивалі өтіп жатыр.

Игі шараға қала әкімдігі ұйытқы болды. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірі,,, байқау қатысушыларына берілген тақырыпқа арқау болды. Қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың тыныс-тіршілігін көрсетіп, олардың басынан өткен қиындығы мен жетістіктерін баяндауы керек. 

Мүмкіндігі шектеулі болса да, арманы шексіз жандардың өмірі қоғам назарынан жиі тыс қалып жататыны жасырын емес. Байқауға қатысушылар осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып бақты. Жас режиссерлер мен операторлар ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүруге деген құштарлығын көрсеткен.

Талғат Тайшанов, кинофестивальдің атқарушы директоры:

- Біз қойған жоспар бойынша балалардың ата-аналарын бас кейіпкер ретінде құрдық. Бұл балалар өзінің бауырына қарамай, ата-аналары мен жақындарына қарамай, талай тіршілік етіп жатыр деп қойдық. Біз осындай мотивационный фильмдерді жиюға тырыстық. 

Мұндай кинофестивальдер тағдыры күрделі балалардың және ата-аналардың жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік береді. Осы арқылы көрермен денсаулықтың қадірін түсінуге тырысады, дейді ұйымдастырушылар.

Рашид Нұғманов, кинорежиссер:

- Бізге осынау ерекше кинофестивальдің алғашқы байқауына қатысу, куәгер әрі көрермен болу бақыты бұйырды. Фестиваль ары қарай дамыса екен дейміз. Халықаралық сипатқа ие болады деп ойлаймын. Өйткені қозғап жатқан тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті.

Айта кеткен жөн, бұл іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен өтуде. "Бәйтерек" кинофестиваліне Қазақстаннан және алыс-жақын шет мемлекеттерден 40-қа жуық жұмыс ұсынылды. Байқау тағы 2 күнге жалғасады. Жеңімпаздар 23-желтоқсан күні анықталады.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев